Қазақстан сыртқы істер министрлігі Стамбулдың Ататүрік әуежайында болған шабуылдар мен жарылыстарды айыптады.
"Қазақстан 2016 жылы 28 маусымда Стамбулда болған терактіні қатаң айыптайды. Бауырлас Түркия үкіметі мен халқына, адамшылыққа жат бұл қылмыстан құрбан болғандардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Қазақстан терроризмнің кез-келген көрінісімен ымырасыз күресті қолдайтынын тағы да білдіреді және халықаралық қауымдастықтың осы бағыттағы жұмысын халықаралық терроризмге қарсы коалиция құру арқылы үйлестіруге шақырады" делінген СІМ таратқан мәлімдемеде.
28 маусым күні кешке қарай Ататүрік әуежайында үш жарылыс болып, салдарынан 36 адам қаза тауып, 140-тан астам адам жараланған. Түркия билігі жарылыс пен шабуылды үш жанкешті жасады дейді.
БҰҰ, АҚШ, Германия және басқа да елдер бұл шабуылды айыптады.