Accessibility links

ҰҚК: Тергеудегі белсенділерге қатысты бөлек істер қозғалған


ҰҚК баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасев.
ҰҚК баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасев.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасев бүгін Азаттыққа қамауда отырған белсенділер – атыраулық Макс Боқаев пен Талғат Аян және оралдық Жанат Есентаевтардың үстінен бөлек қылмыстық істер қозғалғанын, олар бойынша алдағы уақытта жеке ақпарат берілетінін мәлімдеді.

ҰҚК өкілі 11 шілдеде Астанада өткізген баспасөз мәслихатында бизнесмен Тоқтар Төлешовтің үстінен қозғалған қылмыстық іске қатысты 25 адамның тергеуге тартылғанын хабарлады. ҰҚК қаңтардың соңынан бері тергеу абақтысында отырған Төлешовті «трансұлттық қылмыстық қоғамды қаржыландырған және қаруланған топты құрып, басқарған. Оның басшылығындағы қылмыстық топ адам өлтіру, қастандық жасау, адам ұрлау, заңсыз бостандықтан айыру, қарақшылық қылмыстарын жасаған» деп айыптайды.

Өткен айда ҰҚК баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасев Қазақстанда биылғы сәуір және мамыр айларындағы "жер реформасына қарсылық митингілерін Төлешов қаржыландырған" деп мәлімдеген еді.

Қазір тергеу ісіне байланысты сот шешімімен қамауда отырған белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға «билікті басып алуға шақырған» деген бап бойынша, ал Жанат Есентаевқа «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру» айыбы тағылған.

XS
SM
MD
LG