Стамбулдың Ататүрік атындағы әуежайына сенбі күні ұшақпен жеткен соң Түркия президенті Режеп Ердоған өзін қолдаушылар алдында сөйлеген сөзінде "Түркияда халықтың ерік-жігерінен жоғары билік жоқ" деп мәлімдеген.
Елде мемлекеттік төңкерісті «әскерилердің шағын тобы» жасамақ болғанын айтқан Ердоған «бүлікшілер қандай қызмет атқаратындығына қарамастан бұл үшін қатаң жазаға тартылады» деп мәлімдеген. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Бұған дейін Ердоған елде төңкеріс жасап, билікке ие болғысы келген әскерилердің «мақсаты іске аспайтынын» айтып, халықты «демократияны құтқаруға» шақырған. Бұдан соң президентті қолдайтын тұрғындар көшеге шығып, әскерилерге бағынбай, оларды бүліктен бас тартуға көндіруге тырысты. Жергілікті ақпарат құралдары бүлікті ұйымдастырған бірқатар лауазымды әскери басшылардың ұсталғаны туралы хабарлады.
Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым елде мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған 130 адам тұтқындалғаны, бір генералдың қаза тапқаны туралы хабарлаған.
Стамбул мен өзге де қалаларда сенбіге қараған түні болған қақтығыстардан ондаған адам қаза тауып, жүздеген адам жараланғаны туралы хабарланды. Анкарада қақтығыстар барысында кемінде 42 адам мерт болған деген ақпарат тарады.
Түркияда шілденің 15-і күні кешкісін әскерилер билікті қолдарына алатыны және бүкіл ел көлемінде әскери жағдай жарияланып, коменданттық сағат тәртібі енгізілетіні туралы мәлімдеген. Елдің ірі қалаларында көшеге қарулы әскер мен соғыс техникасы шығарылған.