Accessibility links

ИМ тобы Ниццадағы терактіге жауапкершілікті өзіне алды


Ниццада адамдарды басып өткен жүк көлігі. 14 шілде 2016 жыл.
Ниццада адамдарды басып өткен жүк көлігі. 14 шілде 2016 жыл.

«Ислам мемлекеті» террористік тобы Францияның Ницца қаласындағы терактіге жауапкершілікті өзіне алатынын мәлімдеді деп хабарлады AFP агенттігі.

Бұған дейін француз полициясы Ниццадағы ондаған адамның өмірін қиған терактіге қатысы бар деген күдікпен төрт адамды ұстағаны туралы хабарланған. AFP агенттігінің ақпараты бойынша, Ниццада 14 шілдеде Бастилияның алынған күніне арналған мерекелік шараға жиналған жұртты үлкен жүк көлігімен таптап, қатты жылдамдықпен екі шақырымдай жерді жүріп өткен адамның әйелі де қамауда отыр. Ол күйеуінен бөлек тұрған.

Ниццадағы терактіде қаза тапқан 84 адамның арасында 10 бала бар. 200-ден астам адам, солардың ішінде 50-ге жуық бала зардап шеккен, олардың кейбірі ауыр жарақат алған. Құрбан болғандардың көбі шетелдіктер деп хабарланды.

19 тонналық жүк көлігімен шабуыл жасаған – тегі тунистік француз азаматы, 31 жастағы Мохамед Ляуэйж-Булэль екені анықталған. Ол оқиға орнында полициямен атыста өлген. Оның сыбайластары болғаны я болмағанын, қылмыскердің іс-әрекетіне исламшыл радикализм идеясы әсерінің бар-жоғын қазір тергеушілер тексеріп жатыр. Әзірше Ляуэйж-Булэльдің террорлық топтармен байланысы болғаны туралы еш дерек жоқ. Бұған дейін полиция оны тек ауыр емес қылмыстар және тұрмыстағы әлімжеттік оқиғалары үшін жауапқа тартқан.

Франция премьер-министрі Мануэль Вальс шабуылдаушының исламшыл радикалдармен байланысы болғанын жоққа шығармайтыны туралы айтқанымен, ішкі істер министрі Бернар Казнёв асығыс байлам жасауға болмайтынын ескерткен.

Францияда шілденің 15-інен бастап үш күн аза тұту жарияланған.

Бұл Францияда соңғы бір жарым жылда жасалған үшінші ең үлкен теракт болды. 2015 жылы қаңтарда Парижде жасалған бірнеше, солардың арасында Charlie Hebdo басылымы редакциясына жасалған шабуылдан 17 адам қаза тапқан. Сол жылы 13 қарашада Парижде бірнеше шабуыл мен жарылыстардан 130 адам мерт болған. Былтырғы қарашадан бері елде күшінде болған төтенше жағдайдың мерзімі тағы үш айға созылады деп жариялады ел президенті Франсуа Олланд.

XS
SM
MD
LG