Accessibility links

Ереванда кепілдегілерді босату келіссөзі жалғасып жатыр


Полиция қарулы топ басып алған полиция ғимаратын қоршап тұр. Ереван, Армения, 17 шілде 2016 жыл.
Полиция қарулы топ басып алған полиция ғимаратын қоршап тұр. Ереван, Армения, 17 шілде 2016 жыл.

Ереванда Эребуни ауданында полиция ғимаратын басып алып, кепілге адам алған "Құрылтай парламенті" қозғалысының қарулы белсенділерімен келіссөз жалғасып жатыр.

Армения полициясы басшысының орынбасары Унан Погосянның журналистерге айтуынша, билік қарулы топты жетекшілерінің бірі Жирайр Сефилянді босатуды талап етуден бас тартқызуға көндіруге тырысып жатыр. Сефилян биыл маусымнан бастап мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды және заңсыз қару иеленіп, сақтады деген айыппен қамауда отыр. Погосянның сөзінше, келіссөз сәтсіз болса полиция кепілге алынғандар отырған патруль-пост қызметі полкінің штабын басып алуға дайын.

Погосян патруль-пост қызметі бастығының орынбасары Артур Ваноян мен тағы үш полиция қызметкерінің қаза тапқанын растады. Азаттықтың Армян редакциясының хабарлауынша, қарулы топ жеті адамды, оның ішінде полиция бастығының орынбасары Валерий Осипянды кепілге алған.

17 шілдеде таңертең 30-ға тарта қарулы адам патруль-пост қызметі полкінің штабы аумағына жүк көліктерімен басып қақпаны бұзып-жарып кіріп, штабты басып алған. "Құрылтай парламенті" өкілдері оқиғаны "үкіметті құлатып, саяси тұтқындарды босататын бүліктің басы" деп атаған. Арасында Таулы Қарабақтағы соғысқа қатысқандары бар, "Құрылтай парламентінің" белсенділері Армения президенті Серж Саргсянның отставкаға кетуін талап еткен қарсылық акцияларын ұйымдастырып блгілі болған. Қозғалыс Армения билігінің Таулы Қарабаққа қатысты саясатын қатаң сынайды.

Ереванның оңтүстігіндегі халық тығңыз қоныстанған Эребуни ауданына полиция мен армия бөлімдері жеткізілген. Полиция штабына көршілес ғимараттар шатырына мергендер орналастырылып, жергілікті тұрғындардың біразы эвакуацияланған. Операцияны Армения полициясының басшысы Владимир Гаспарян басқарып тұр. Кейбіпр ақпараттар бойынша, ғимаратты басып алған соң қарулы топтың көзін жою әрекеті сәтсіз аяқталған.

XS
SM
MD
LG