Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) төрағасы Владимир Жұмақанов Астанада өткен Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынында Алматыдағы ішкі істер бөлімі мен ҰҚК департаментіне жасалған шабуылға күдіктінің ұсталғаны туралы айтты.
Жұмақановтың сөзінше, ұсталған күдікті - 1990 жылы Қызылорда облысында туған Руслан Күлекбаев есімді азамат. ҰҚК мәліметінше, күдікті соңғы уақытта Алматының Іле ауданындағы Ынтымақ ауылында тұрған. Ұялы телефон сатумен айналысқан.
"2010 жылы 27 тамызда Шымкенттің Еңбекші аудандық соты оны қылмыстық кодекстің 178-бабының 2-тармағы бойынша ("зорлық-зомбылық қолданып кісі тонау") соттаған. 2012 жылы 8 мамырда Қызылорда қалалық соты оны 251-бап бойынша ("атыс қаруын заңсыз иеленіп, сақтады") деген айыппен екі жыл 11 айға соттаған" деді Жұмақанов. Ол Күлекбаевтың түрмеде "салафиттермен жақын болғанын" да айтты.
Бүгін таңертең Алматыда Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі мен ҰҚК департаментіне шабуыл жасалған. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, шабуылдан үш полиция қызметкері мен екі бейбіт тұрғын қаза тапқан. Сегіз адам жараланып ауруханаға түскен.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шабуылды теракт деп атады.