Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Алматыдағы "терроризм" туралы қауесет тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді деп хабарлайды жергілікті агенттіктер.
"Тілші әлдебір әйелден сұхбат алғанда ол ішкі істер бөлімі жанында болғанын және сол жерден "автомат ұстаған адам қашып шығып, "Аллаху акбар" деп айқайлап, атқанын" айтқан. Бұл - барып тұрған жалған сөз және бұл интернетке шықты. Супермаркетте адамдарды кепілге алу туралы ақпарат та жалған. Бұл да интернет арқылы таралды. Әрине, бізге бұл ақпараттар түсті және біз оны тексеріп, адамдарымызды жібердік" деген Қасымов.
Қасымов бұл ақпараттарды таратқандарға қатысты іс қозғалғанын айтып, "осы блогер мен тілшінің адвокатқа жүгінуіне" кеңес берген. Бірақ министр нақты кімді меңзегенін айтпаған.
Алматыда 18 шілде күні күндіз ІІБ мен ҰҚК департаментіне жасалған шабуылдан ресми мәлімет бойынша төрт полиция қызметкері мен екі тұрғын қаза тауып, алты адам жараланған. Шабуыл кезінде ресми ақпарат бірден берілмей, ол халық арасында түрлі сыбыс пен қауесеттің тууына себеп болған.