Accessibility links

Алматыда шабуылға күдікті тұрған пәтер тінтілді


Шабуылға күдікті жалдап тұрды делінген пәтер тінтілді деген Гоголь-Зенков көшелерінің қиылысындағы жасақ. Алматы, 20 шілде 2016 жыл
Шабуылға күдікті жалдап тұрды делінген пәтер тінтілді деген Гоголь-Зенков көшелерінің қиылысындағы жасақ. Алматы, 20 шілде 2016 жыл

Алматыда ішкі істер бөлімі (ІІБ) мен ҰҚК департаментіне шабуылға күдікті Руслан Күлекбаевтың жалға алып тұрған пәтерге тінту жүргізілді деп хабарлайды ішкі істер департаментіне (ІІД) сілтеме жасаған жергілікті агенттіктер.

Бүгін таңертең Алматыда Зенков, Мақатаев, Гоголь көшелері мен Абдуллиндер көшесі қиылысатын аумақты полиция арнайы жасағы қоршауға алып, қозғалыс шектелген. Қоршау екі сағаттан астам уақытқа созылған.

ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, тергеу барысында Руслан Күлекбаев жалдап тұрған пәтер анықталып, полиция пәтерде азаматтарға қауіп төндіретін заттар бар-жоғын анықтау үшін тінту жүргізген. Тінтуде қауіпті зат табылмаған. Әзірбектің сөзінше, тексеру шаралары кезінде көп қабатты үйдің тұрғындары эвакуацияланып, аумағы қоршалған.

18 шілдеде Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі мен ҰҚК департаментіне қарулы адам шабуыл жасап, салдарынан үш полицей, шекара қызметінің бір сарбазы және бір бейбіт тұрғын қаза тапқан. Шабуылға күдікті ретінде 1990 жылы туған Руслан Күлекбаев ұсталған.

Шабуылға қатысты қылмыстық кодекстің "кісі өлтіру", "ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу", "билік өкіліне қатысты күш қолдану", "терроризм актісі", "қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар немесе жарылғыш құрылғыларды жымқыру немесе бопсалап алу" баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

XS
SM
MD
LG