Accessibility links

Назарбаевтан Матаев ісін жеке бақылауға алуды сұрады


Сейітқазы Матаев, Қазақстан журналистер одағының төрағасы.
Сейітқазы Матаев, Қазақстан журналистер одағының төрағасы.

Қазақстандық қоғам қайраткерлері президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевқа қатысты жағдай бойынша үндеу жолдады. Үндеуде президентке Матаевқа қатысты қылмыстық істі тергеуді жеке бақылауына алу туралы өтініш бар. Үндеуге әнші Бибігүл Төлегенова, ақын Олжас Сүлейменов, "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева, қаржыгер Ораз Жандосов, актер Асанаәлі Әшімов, жазушы Мұрат Әуезов және басқалары қол қойған.

Үндеуде қол қойғандардың тергеу, прокуратура мен сот қызметіне баға беру ниеті жоғы, бірақ "Матаевтың өзінің кінәсіз екенін дәлелдей алатынына күмәнданбайтыны" айтылған. Үндеу авторлары Матаев өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін және сотта беделін қорғауға дайын екенін айтады.

Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Сейітқазы Матаев 24 ақпаннан бері үйқамақта отыр. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынған. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толықанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады.

Мамыр айында Сейітқазы Матаевтың адвокаттары оған тағылған айып қызмет өкілетін пайдаланып өзіне артылған сенімді теріс мақсатқа пайдаланды" деген ауыр бапқа өзгергенін хабарлаған. Әсет Матаевқа қатысты айып та осыған ұқсас өзгертілген.

ҚазТАГ агенттігінің ақпараты бойынша, арасында ВВС, «Неміс толқыны», «РБК», «Россия-24», France Press және өзгелері бар шетелдік бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Сейітқазы Матаевтың ісі бойынша өтетін сотқа қатысуға ниет білдірген.

XS
SM
MD
LG