Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Мюнхендегі қарулы шабуыл кезінде қаза тапқандар арасында, алдын ала деректер бойынша, Қазақстан азаматтары жоқ екенін айтты. Бұл туралы Tengrinews.kz сайты хабарлады.
«Қазақстанның Мюнхендегі консулдығы жергілікті құқық органдарымен тұрақты байланыста. Осы кезге дейін қаза болғандар мен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар бар екені туралы хабар түскен жоқ», - деп хабарлаған ол.
Шілденің 22-сі күні Германияның Мюнхен қаласында белгісіз біреу көшедегі адамдарға қарудан оқ жаудырған. Полицияның соңғы мәліметі бойынша, 9 адам қаза тауып, 16 адам жараланған.