Accessibility links

Ереванда полиция ғимаратында кепілге алынғандардың бәрі босатылды


Қарулы топ басып алған полиция ғимараты алдында тұрған полиция көліктері. Ереван, 22 шілде 2016 жыл.
Қарулы топ басып алған полиция ғимараты алдында тұрған полиция көліктері. Ереван, 22 шілде 2016 жыл.

Ереванда полиция ғимаратын басып алған қарулы топ кепілге алған адамдардың барлығы босатылғаны туралы Deutsche Welle радиосы хабарлаған.

Армения полициясы басшысының орынбасары Вардан Егиазарян мен Ереван полициясы бастығының орынбасары Валерий Осипян қарулы топ басып алған ғимаратта «баспасөз орталығы» жұмысын бастаған соң босатылған. Бұған дейін сенбі күні таңертең өткен келіссөзде қарулы топтың «ғимаратта БАҚ өкілдері емін-еркін кіретін баспасөз орталығы құрылсын» деген шартын билік орындауға уәде еткен соң олар кепілде ұстап отырған төрт адамның екеуін босатқан еді.

17 шілдеде бір топ қарулы адам Ереванның Эребуни ауданында полиция патрулі полкі штабын басып алып, радикалды оппозициялық «Құрылтай парламенті» қозғалысының үйлестірушісі Жирайр Сефилянді қамаудан босатуды талап еткен. Оқиға кезінде бір полиция полковнигі қаза тауып, төрт полиция қызметкері жараланған. Шабуыл жасағандар жеті адамды кепілге алып, бір аптаға жуық ұстаған.

Оларды жақтаушылар содан бері қарулы топ бекінген полиция ғимаратына алдына бірнеше мәрте жиналып, Армения президентінің отставкаға кетуін талап етіп, полициямен қақтығысқан.

XS
SM
MD
LG