Accessibility links

Кабулда жанкешті шабуылынан ондаған адам мерт болған


Жарылыс болған жердегі адамдар. Кабул, 23 шілде 2016 жыл.
Жарылыс болған жердегі адамдар. Кабул, 23 шілде 2016 жыл.

Ауғанстан билігі бүгін Кабулда «Жарық қозғалысы» ұйымдастырған наразылық акциясы кезінде жанкешті жасаған жарылыс салдарынан 61 адам опат болып, 200-ден астам адам жараланған деген ақпарат жариялады.

Ауғанстан денсаулық сақтау министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің жетекшісі Мұхаммед Исмоил Ковусидің Азаттықтың Тәжік қызметіне хабарлауынша, қазір дәрігерлер мен оларға қолғабыс жасаушылар тобы жарылыстан зардап шеккендерге жәрдем көрсетіп жатыр.

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани Ахмадзай мемлекеттік құрылымдардың барлығынан шабуылдан зардап шеккендерге көбірек көмек көрсетуді талап етті.

«Талибан» қозғалысының баспасөз хатшысы Забеуллох Маджохидрас бұл шабуылға өздерінің қатысы жоқ екені туралы мәлімдеме таратты. Оның айтуынша, шабуыл Ауғанстан тұрғындары арасындағы өзара қарсыласуды өршіту мақсатымен жасалған. «Ислам мемлекеті» экстремистік тобымен байланысы бар «Аъмок» ақпарат агенттігі шабуыл үшін жауапкершілікті осы топ өзіне алатыны туралы хабарлаған.

«Жарық қозғалысы» өз акциясын бүгін Кабулда түс кезінде бастаған. Оған қатысушылар Түркіменстаннан Саланг асуы арқылы электр желісін салуға қарсылық білдірген. Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, шеруге шыққандардың арасында жастар, әйелдер мен қариялар болған. Олар үкімет мекемелерінен бірнеше шақырым жердегі Кабул университетінің қасына жиналған.

Наразылар Түркіменстаннан Кабулға электр қуатын жеткізуге арналған электр желісі Бамиян провинциясының әкімшілік орталығы арқылы салынсын деген талап қойған. Ол провинцияда этникалық азшылық топ – хазарлар көп тұрады. Үкімет электр желісінің бағытын өзгерту қосымша миллиондаған долларды қажет етеді және құрылыс жұмысын ұзақ мерзімге созып жібереді дейді.

XS
SM
MD
LG