Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Сирия мен Ресей үкіметі Сирияның солтүстігіндегі қираған Алеппо қаласында бейбіт тұрғындардың қаланы тастап шығуы үшін гуманитарлық дәліздер ашып жатқанын хабарлады. Сирия мен Ресей үкіметі қаруын тастағысы келетін сарбаздардың да қаладан шығуына дәліз ашқан.
Сирия әскері 250 мыңға тарта бейбіт тұрғын қоршауда қалды деп саналатын Алеппо қаласының көтерілісшілер бақылауындағы маңына бақылауын күшейте түскен.
Шойгу 28 шілдеде Ресей президенті Владимир Путин "террористер мен қаруын тастағысы келген жасақтардың қолында қалған бейбіт тұрғындарға көмектесу үшін" Алеппоның айналасында "кең ауқымды гуманитарлық операция бастау жоспары" барын айтты. Ол үш гуманитарлық дәліз бен қаланың сыртында азық-түлік пен алғашқы медициналық жәрдем пунктері ашылғанын жеткізді.
Ұлыбританияда орналасқан Syrian Observatory for Human Rights ұйымы тікұшақтар әуеден дәліз маршрутттарын көрсететін үнпарақтар тастап жүргенін хабарлады.
Ал Сирияның мемлекеттік ақпарат құралының хабарлауынша, президент Башар Асад қаруын тастап, алдағы үш айда билікке өз еркімен берілген көтерілісшілерге рақымшылық жариялаған.
28 шілдеде жарияланған рақымшылық шартында Дамаск көтерілісшілерді қамауда ұстап отырғандарды босатуға да шақырған.