Accessibility links

Тунис парламенті үкіметке сенімсіздік білдірді


Тунис премьер-министрі Хабиб Эссид.
Тунис премьер-министрі Хабиб Эссид.

Тунис парламенті көпшілік дауыспен премьер-министр Хабиб Эссидке сенімсіздік білдірді. Оған негізгі себептердің бірі – елдегі ауыр экономикалық жағдай.

2015 жылдың қаңтар айынан үкіметті басқарып отырған 67 жастағы премьердің отставкаға кетуін қолдап 118 депутат дауыс берген, үш депутат қарсылық білдіріп, 27 депутат қалыс қалған.

Өткен айда ел президенті 80 жастағы Беджи Каид Эс-Себси премьерді отставкаға кетуге шақырған. Бірақ Эссид өз еркімен қызметтен кетуден бас тартқан.

АҚШ-та экономикалық білім алған Хабиб Эссидті елде 2011 жылғы революциядан кейін кері кеткен экономикадағы қиындықтарды жеңуге қабілетсіз болып шықты деп сынайды. Елдегі жұмыссыздық деңгейі шырқау шегіне жеткен: Тунис жастарының үштен бірінен көбісінің жұмысы жоқ.

Тунисте көпшілік жұртты қауіпсіздік мәселесі де толғандырады. Былтыр «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы Тунисте 59 шетелдік туристің өмірін қиған екі шабуылға жауапкершілікті өзіне алатынын мәлімдеген.

2015 жылы қарашада Тунис астанасында көліктегі жарылыс салдарынан 12 адам қаза тапқаннан кейін елде төтенше жағдай енгізілген.

XS
SM
MD
LG