Accessibility links

Ақтөбе: темір жолдағы апат кесірінен жүздеген жолаушы бөгелді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысында бүгін кен тиелген жүк вагондарының апатқа ұшырауы салдарынан екі жолаушылар поезы кестедегі уақытынан кешікті. «Астана-Ақтөбе» бағытындағы 87-поез Ақтөбеге бүгін жергілікті уақытпен 13 сағат 55 минутта жетуі тиіс еді. Ол қазір Ақтөбеден 320 шақырым жердегі Әйтеке би станциясы маңында тұр. Әйтеке би станциясында «Астана-Атырау» бағытындағы жолаушылар пойызы да тоқтап тұр. Екі пойызда жалпы саны 686 жолаушы, соның ішінде 113 бала бар деп хабарланды.

Ақтөбе облыстық әкімдігі 200-ден астам жолаушы 4 автобуспен облыс орталығына жеткізілгенін хабарлады. Әйтеке би ауылы тұрғындарының айтуынша, елді мекеннен Ақтөбеге дейін жолаушы таситын жеке меншік такси қызметінің бағасы әдеттегі 2 мың теңгеден 5 мың теңгеге дейін қымбаттап кеткен.

Бүгін түнде Никельтау-Әйтеке би жалғыз табанды жол учаскесіндегі Жоса-Құдықсай жолында кен тиелген 22 вагон жолдан шығып кеткен. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі «төтенше оқиғадан адамдар зардап шеккен жоқ» деп хабарлады.

Жүк вагондарының темір жолдан шығып кетуінің себебін анықтау үшін арнайы комиссиясы құрылған.

XS
SM
MD
LG