Accessibility links

Пәкістан Анкараның сұрауы бойынша түрік лицейлерін тексереді


Фетхулла Гүлен.
Фетхулла Гүлен.

Пәкістан билігі Түркияның сұрауы бойынша елдегі лицейлердің түрік діни жетекшісі Фетхулла Гүленмен байланысы бар-жоғын тексере бастайтынын мәлімдеді. Түркия Гүленді маусымда болған мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетіне қатысы бар деп айыптайды.

Пәкістан сыртқы істер министрі Сартаж Азиз Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглумен кездескен соң Анкараның мектептерді жабу туралы өтінішін орындаудан бас тартты.

Чавушоглудың сөзінше, келіссөз кезінде ол Гүленмен және оның Анкара "террористік" деп атайтын діни қозғалысымен байланысы бар мектептер жабылады деген үмітте екенін білдірді. Гүленнің өзі 15 шілдеде болған төңкеріс әрекетін айыптап, бүлікке қатысы барын жоққа шығарған.

Пәкістанда Гүлен ұйымының басқаруында 25 мектеп пен колледж жұмыс істейді. Оларда 11 мыңға тарта адам оқиды. Студенттердің бірі Азаттықтың Пәкістан редакциясына берген сұхбатында "Мұнда оқығаныма 10 жыл болды. Мен Гүленді білмеймін және оның атын бір де бір рет естіген емеспін" деді.

Гүленнің ұйымы 160 елдегі оқу орындарын басқарады. Өткен аптада Қырғызстан Түркияның Гүленмен байланысы бар делінген мектептерді жабу туралы талабын айыптаған.

Өткен аптада Түркияның Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык Астананы "оппозициялық қайраткер Фетхулла Гүленмен байланысы бар" оқу орындарының қызметін тоқтатуға шақырған. Бұдан соң Қазақстан білім және ғылым министрлігі елдегі қазақ-түрік лицейлері жұмысын жалғастыра беретінін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG