Бельгия премьер-министрі Шарль Мишель елдің құқық қорғау органдары Шарлеруада полицияның екі қызметкеріне жасалған шабуыл – теракт болуы мүмкін деген болжамды да қарастырып жатқанын мәлімдегені туралы Associated Press хабарлады.
Төтенше оқиғаға байланысты демалысын үзуге мәжбүр болған премьер-министр бүгін Бельгия ұлттық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысады.
Сенбі күні мачетемен (жалпақ пышақ) қаруланған белгісіз ер адам Шарлеруа қаласындағы полиция мекемесі жанында полицияда қызмет атқаратын екі әйелге шабуыл жасап, жаралаған. Әлгі адамды полиция сол жерде атып өлтірген. Оның кім екені және қылмыстың себебі анықталып жатыр.
Биыл наурызда Бельгия астанасы Брюссельде өзін-өзі жарған жанкештілер жасаған террорлық шабуылдардан 32 адам қаза болған. 2015 жылы қарашада Парижде 130 адамның өмірін қиған шабуылдарды тергеу барысында терактіге қатысы барлардың көбі Брюссельде тұрғаны анықталған.