Accessibility links

Рио олимпиадасының алғашқы күні 12 медаль жиынтығы иелерін тапты


Дзюдодан олимпиада чемпионы атанған ресейлік Беслан Мурадов (сол жақтан екінші) пен күміс жүлдегер, қазақстандық Елдос Сметов марапаттау рәсімінен соң фотоға түсіп тұр. Рио, 6 тамыз 2016 жыл.
Дзюдодан олимпиада чемпионы атанған ресейлік Беслан Мурадов (сол жақтан екінші) пен күміс жүлдегер, қазақстандық Елдос Сметов марапаттау рәсімінен соң фотоға түсіп тұр. Рио, 6 тамыз 2016 жыл.

Бразилияда басталған жазғы олимпиада ойындарының алғашқы күні 12 медаль жиынтығы жүлде иелеріне табыс етілді.

Рио олимпиадасының чемпионы атағын ең бірінші болып АҚШ спортшысы Вирджиния Трэшер иеленді. Ол пневматикалық мылтықтан 10 метрден нысана көздеуден жеңімпаз атанды.

Дзюдодан ерлер арасында 60 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде ресейлік Беслан Мурадов чемпион атағын жеңіп алды. Финалда одан ұтылған қазақстандық Елдос Сметов күміс жүлдеге ие болды. Ал әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде аргентиналық дзюдошы Паула Парето алтыннан алқа тақты. Бұл салмақ дәрежесінде қазақстандық Галбадрах Отгонцэцэг қола жүлдегер атанды.

Австралия құрамасы бұл күні екі алтын жүлдеге ие болды: Мак Хортон 400 метрге еркін стильмен жүзуден чемпион атанса, 4х100 метрге еркін стильмен жүзу жарысында Австралияның қыздар командасы 3 минут 30,65 секунд көрсеткішпен әлем рекордын жаңартып, бірінші орынды жеңіп алды.

Венгрия спортшылары да екі алтынға қол жеткізді. 400 метрге кешенді жүзуден финалдық бәсекеде Катинка Хоссу 4 минут 26,36 секунд көрсеткішпен жаңа әлемдік рекорд орнатып, алтынды ұтып алды. Оның отандасы Эмеше Сас семсерлесуден жеңімпаз атанды.

Пневматикалық тапаншадан нысана көздеуден алтын жүлдені иеленген вьетнамдық Хоан Сюан Вин бұл елдің тарихында алғашқы олимпиада чемпионы атанды.

Бельгиялық Грег ван Авермат тас жолда топпен жарыста мәреге бірінші болып жетті. Тайландтық ауыр атлет Сопита Танасан қыздар арасында 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде олимпиада алтынын жеңіп алды.

Оңтүстік Кореяның ерлер командасы садақ атудан бірінші орынды иеленді.

Рио олимпиадасының жарыс кестесінде 2 алтын және 1 қола медальмен Австралия құрамасы көш бастап келеді. Екінші орында екі алтын еншілеген Венгрия командасы, ал үшінші орында 1 алтын және 4 күміс медальмен АҚШ құрамасы тұр.

Қазақстан командасы бір күміс, бір қоламен жалпы есепте 12-орында.

XS
SM
MD
LG