Accessibility links

Иранда АҚШ-тан оралған физик ғалымды өлтірген


Иран физик ғалымы Шахрам Амири.
Иран физик ғалымы Шахрам Амири.

Иран билігі 2009 жылы АҚШ-қа кетіп, бір жылдан соң еліне қайта оралғаннан кейін түрмеге қамалған физик ғалым Шахрам Амиридің жансыз денесін оның отбасына тапсырған. Бұл туралы марқұмның туыстары ВВС журналистеріне хабарлаған. Анасының айтуынша, Шахрам Амиридің мойнында арқанның ізі қалған.

Шахрам Амири 2009 жылы Мекеге қажыға барғанда жоғалып кетіп, арада бір жыл өткенде АҚШ-тан табылған. Ғалым өзін Сауд Арабиясында ұрлап әкетіп, Иранның ядролық бағдарламасы туралы ақпарат беруді талап етті деп америкалық арнайы қызметті айыптаған. Барлау қызметі болса Амири олармен өз еркімен жұмыс істеді деп мәлімдеген. Амири жоғалғаннан кейін көп ұзамай бұқаралық ақпарат құралдарында Ирандағы уранды байытатын зауыт туралы ақпарат жарияланған. 2010 жылы Иранға оралған Амириді қаһарман ретінде қарсы алған. 2011 жылы оны мемлекетке опасыздық жасаған деген айыппен соттаған. Былтыр ғалымның әкесі ұлының қауіпсіздігі үшін алаңдайтынын мәлімдеген. Оның сөзінше, сол уақытта отбасы тұтқында отырған Шахрам Амиримен бір жылдан астам уақыт бойы кездесе алмаған.

Халықаралық сарапшылардың ақпараты бойынша, 2015 жылы Иранда мыңға жуық адамға өлім жазасы орындалған, олардың көбі – жас азаматтар. Еуропа Одағы Ирандағы адам құқықтарының нашар ахуалына байланысты сәуір айында ол елге қарсы санкциялар мерзімін ұзартқан.

XS
SM
MD
LG