Accessibility links

Путин Санкт-Петербургте Ердоғанмен кездеседі


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин бүгін екі ел қарым-қатынасындағы шиеленісті реттеу мақсатында кездеседі. Санкт-Петербургтегі кездесу қарсаңында Ердоған Ресеймен қарым-қатынасты қайтадан қалпына келтіріп, бірнеше сала бойынша ынтымақтастықты қайта орнатқысы келетінін мәлімдеген.

"Ресей-Түркия қарым-қатынасының жаңа парағы ашылады. Бұл парақта әскери, экономикалық және мәдени ынтымақтастық орнатылады" деді Ердоған ТАСС агенттігіне берген сұхбатында.

Екі ел қарым-қатынасы 2015 жылы қарашада Түркия Сириямен шекарада Ресейдің әскери ұшағын атып түсірген соң нашарлаған. Ресей Түркиямен сауда-саттыққа эмбарго енгізіп, 2016 жылдың алғашқы жартысында Түркияға Ресейден баратын туристер саны 87 пайызға дейін азайып кеткен.

Ердоған Путинмен Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті іске аспай, Анкараның Батыс елдерімен байланысына сызат түсе бастаған соң кездесіп отыр.

Түркияда 15 шілдеде болған бүліктен 230-дан астам адам қаза тапқан. Бұдан соң елде әскерилер мен мемлекеттік қызметкерлерді тазалау басталған. Түркия Батыс елдерін бүлікке емес, одан кейінгі қудалауға көбірек алаңдаушылық білдірді деп айыптайды.

XS
SM
MD
LG