Accessibility links

Қыздығой Ажарқұлова сот үкіміне шағымданды


Қыздығой Ажарқұлова. Шымкент, 29 шілде 2016 жыл.
Қыздығой Ажарқұлова. Шымкент, 29 шілде 2016 жыл.

Шымкентте сот «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі, «алаяқтық» бабы бойынша үш жыл шартты жазаға кесілген Қыздығой Ажарқұлованың апелляциялық шағымын қабылдады.

Ажарқұлованың адвокаты Гүлнар Жуаспаеваның Азаттыққа айтуынша, сот апелляциялық шағымды үшінші рет тапсырғанда қабылдаған.

- 9 тамыздан бері Әл-Фараби аудандық сотына апелляциялық шағымды электрондық почтамен екі рет жібердім. Екеуінде шағымымыз қабылданбай қайтып келді. Үшінші рет жібергенімде ғана қабылданды. Онда да шағым қабылданбай жатқаны туралы Жоғарғы сотқа арызданғам. Жоғарғы сот шағымым қабылданды деп жауап берді, - деді Жуаспаева.

Қыздығой Ажарқұлованың өзі Азаттыққа апелляциялық шағымды кеше кешке тапсырғанын айтты. Ол шағымды "қалай да ақталып шығу үшін" бергенін, егер Әл-Фараби аудандық сотынан әділдік таппаса одан жоғарғы инстанцияға шағымдана беретінін айтты.

Әл-Фараби аудандық соты 29 шілдеде Қыздығой Ажарқұлованы "алаяқтық" жасады деп айыптап, 3 жыл мерзімге шартты жаза тағайындап, сот залынан босатқан. Сот Ажарқұлованың тергеу аясында қамауда отырған сегіз айға жуық уақытының әр күнін бас бостандығын шектейтін екі күнге тең деп есептеп, бір жарым жылын шегерді. Сот үкімі бойынша Ажарқұлованың бас бостандығы енді бір жарым жылға шектеліп, дүние-мүлкі тәркіленбек және өзі бақылауда болмақ.

Сотта адвокат Жуаспаева Ажарқұлованың еш айыбы жоқ екенін, жәбірленушілер таққан айып сотта дәлелденбегенін алға тартып, соттан оны ақтауды сұраған.

Қыздығой Ажарқұлова соттың жарыссөзінде де, соңғы сөзінде де кінәсіз екенін айтып, өзін ақтауды сұраған.

XS
SM
MD
LG