Тәжікстанда түрмеде Тәжікстан ислам қайта өрлеу партиясы (ТИҚП) жетекшілерінің бірі, 73 жастағы Курбон Маннонов қайтыс болғаны хабарланды. Маннонов экстремистік "Ислам мемлекеті" ұйымын қаржыландырды деген айыппен қамалған. Манноновтың өлімі туралы "Озодагон" сайты хабарлады. Әзірге бұл ақпарат ресми түрде расталмады.
Маннонов ТИҚП-тың Нурактағы бөлімін басқарған. Ол және тағы 12 адам өткен жылы тамызда билік партия жақтастарын қудалап, кейін партия қызметіне тыйым салған кезде тұтқындалған. Билік Манноновты Нуракта ИМ туын тікпек болды деп айыптайды. Бірақ Маннонов айыпты мойындамай, оның саяси астары бар деп санайды.
Биыл ақпанда оның жақтастары 10 жылдан 25 жылға дейін сотталған. Маусымда Душанбе соты партия жетекшісінің орынбасарына өмір бойы түрмеде отыру жазасын кесіп, өзге белгілі 12 адамды екі жылдан 28 жылға дейінгі мерзімге соттаған. Оларға бұрынғы қорғаныс министрінің орынбасары Абдухалим Назарзодамен бірге 2015 жылы қыркүйекте болған бүлік жөнінде сөз байласты деген айып тағылған. Шетелде қуғында жүрген ТИҚП жетекшісі Мухиддин Кабири барлық айыпты жоққа шығарады.