Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Алматы облысында арнайы операция жүргізіліп, радикалдық топтың күдікті төрт мүшесі ұсталғанын хабарлады. ҰҚК мәліметінше, 18 тамызда ұсталған күдіктілер Қазақстан аумағында бірнеше теракт жасамақ болған.
Арнайы қызмет ұсталғандардың Қазақстан мен Қырғызстан азаматтары екенін ғана айтып, қаншауы қай елдің азаматы екенін нақтыламады. Күдіктілердің тұрып жатқан жері мен жасырын орындарынан жарылғыш құрылғылар жасауға арналған заттар мен діни-экстремистік материалдар тәркіленген.
"Радикалдардың ҰҚК бөлімдері мен қызметкерлеріне, полиция мен әскери бөлімдерге қарулы шабуыл жасау жоспарлары жойылды. Келесі кезеңде олар халық көп жиналатын жерлерде терактілер жасамақ болған" делінген ҰҚК ақпаратында.
Қазір бұл фактілер бойынша жедел-тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазақстанда маусымның 5-інде Ақтөбеде, 18 шілдеде Алматыда болған қарулы шабуылдардан соң террористік қауіп-қатердің қалыпты "сары" деңгейі жарияланған. Қауіп-қатер деңгейі әлі күшінде.