Accessibility links

Сейітқазы Матаевты соттан жедел жәрдеммен алып кетті


Сейітқазы Матаевты жедел жәрдем дәрігерлері соттан әкетіп барады. Астана, 23 тамыз 2016 жыл.
Сейітқазы Матаевты жедел жәрдем дәрігерлері соттан әкетіп барады. Астана, 23 тамыз 2016 жыл.

Астана қаласы Есіл аудандық №2 сотында бүгін басталған сот отырысында Сейітқазы Матаев қан қысымы жоғарылап, жедел жәрдем көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Жедел жәрдем Матаевты алып кеттіп, сот кейінге қалдырылды.

Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаевтың сотында түстен кейін Сейітқазі Матаев өзінің қан қысымы көтеріліп тұрғанын айтып, сот ғимаратындағы кезекші дәрігерге ине салдырып алуға судьядан 10 миниуттық үзіліс сұраған. Судья үзіліс жариялаған соң Матаевтардың жақтастары оған жедел жәрдем шақырды.

Біраз уақыттан соң келген жедел жәрдем Матаевтың қан қысымын өлшеп, жағдайын тексерді. Бұдан соң судья жедел жәрдем дәрігерін сотқа шақырып, Матаевтың жағдайын сұрады. Дәрігер Матаевтың қан қысымы 200-ге жеткенін, ине салса да түспей тұрғанын айтты. Дәрігер Матаевтың орнынан тұра алмай жатқанын, оны ауруханаға алып бару керегін жеткізді. Судья одан Матаевтың жағдайы қанша күнде жақсаратынын сұраған. Дәрігер мұны өздері білмейтінін, ауруханада кардиолог дәрігер қарап, анықтайтынын айтты. Бұдан кейін судья сот отырысын ертеңге қалдырды. Матаевты жедел жәрдем көлігімен ауруханаға алып кетті.

Бүгін сот отырысында Сейітқазы және Әсет Матаевтар өздеріне тағылған айыптардың "түсініксіз" екенін мәлімдеген.

Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев 24 ақпаннан бері үйқамаққа алдынған. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынды. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толыққанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады. Мамыр айында Сейітқазы Матаевтың адвокаттары оған тағылған айып "қызмет өкілетін пайдаланып өзіне артылған сенімді теріс мақсатқа пайдаланды" деген ауыр бапқа өзгергенін хабарлаған. Әсет Матаевқа қатысты айып та осыған ұқсас өзгертілген.

3 тамызда өткен алдын ала сот тыңдауында судья адвокаттардың Матаевтарды кепілге үйқамақтан босату, сотты Алматыда өткізу және қосымша сот-экономикалық сараптама тағайындау туралы өтінішін қанағаттандырмай тастаған.

XS
SM
MD
LG