Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайда осы ел төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, екі жақты ынтымақтастыққа қатысты бірқатар мәселелерді талқылады деп хабарлады Ақорданың бспасөз қызметі. Кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық, транзит-транспорттық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара байланысты нығайту жайы сөз болған.
Екі ел басшысы сонымен қатар аймақтық және халықаралық күн тәртібінде тұрған бірқатар өзекті мәселе туралы пікір алмасқан.
Кездесу қорытындысы бойынша "Нұрлы жол" мен "Жібек жолы экономикалық белдеуі" бағдарламаларын түйіндестіру жөніндегі ынтымақтастық жоспары, Қазақстаннан Қытайға экспортталатын жылқыға қойылатын карантин талаптары туралы хаттамаға және Қазақстаннан Қытайға шығарылатын соя дақылына қойылатын фитосанитарлық талаптар туралы хаттамаға қол қойылған.
Назарбаев Қытайдың Ханчжоу қаласына G20 елдері басшыларының саммитіне қатысу үшін 1 қыркүйекте барған. Саммит 4-5 қыркүйекте өтеді.