Accessibility links

Астанада тұрғындарды жатақханадан шығару кейінге қалдырылды


Пригородный ауылындағы пәтерлерінен шығарылатын жатақхана тұрғындары. Астана, 2 қыркүйек 2016 жыл.
Пригородный ауылындағы пәтерлерінен шығарылатын жатақхана тұрғындары. Астана, 2 қыркүйек 2016 жыл.

Астана іргесіндегі Пригородный ауылында жатақхана тұрғындарын пәтерлерінен шығару 15 қыркүйекке қалдырылды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Бүгін сағат 11 шамасында сот орындаушысы мен қалалық "Городская недвижимость" мекемесінің өкілі жатақханада тұрып жатқан жеті отбасын күштеп шығаруға барған. Сот орындаушысы қолында Есіл аудандық сотының тұрғындарды жатақханадан шығару туралы шешімі барын айтады.

Тұрғындар өздерін жатақханадан шығару заңсыз деп санайды. Олардың айтуынша, жатақхана өздеріне 2008 жылы қазіргі "Алатау" стадионы аумағындағы стадионда болған саяжайлары үшін тұруға берілген. Тұрғындар сол кезде саяжайлық жерлері мемлекет меншігіне алынғанда қаржылай өтемақы берілгенін, бірақ ол қаражат баспана сатып алуға тым аз болғанын айтады.

Қалалық "Городская недвижимость" мекемесінің заңгері Гаухар Абылаеваның айтуынша, жатақханада тұратын жеті отбасыға жатақхана 2006-2007 жылдары олардың саяжайдағы үйлері мен жер телімдерін мемлекет меншігіне алуына байланысты уақытша тұруға берілген. Жатақхана 2015 жылдың соңында "Городская недвижимость" мекемесінің меншігіне алынған соң сот тұрғындарға жатақхананы босатуға шешім шығарған.

Тұрғындар баспана өздеріне шексіз мерзімге тұруға берілді деп ұқтық деген уәж айтып, сот орындаушыларының үйлерінен шығаруына қарсылық танытып, мүмкіндік бермеді. Тұрғындар сот орындаушысы және "Городская недвижимость" өкілімен екі сағаттай тәжікелесіп, ақыры пәтерлерінде 15 қыркүйекке дейін босатып беретіні туралы қолхат жазып берді.

Жатақханадан шығарылуы тиіс делінген жеті отбасында шамамен 45 жан тұрады.

Тұрғындарды үйлерінен шығаратын кезде жатақханаға полиция, жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметі де келді.

XS
SM
MD
LG