Accessibility links

Назарбаев Каримовтің қазасына орай көңіл айтты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев

2 қыркүйекте Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің қайтыс болуына байланысты өзбекстандықтарға көңіл айтып, жеделхат жолдады.

Президенттің ресми вебсайты таратқан ақпаратқа сәйкес жеделхатында Назарбаев: "Қазақстандықтар бұл мезгілсіз әрі орны толмас қазаның ауыртпалығын бауырлас Өзбекстан халқымен бірге бөліседі. 30 жылдай қанаттаса жұмыс істеген досымнан айрылғаныма қайғырамын" деп жазған.

Назарбаев Каримовтің қызметін "Өзбекстанның экономикалық әлеуетінің дамуына, оның халықаралық беделінің өсуіне, қоғамның әл-ауқатының артуына ықпал еткен ауқымды өзгерістерді жүзеге асырды" деп сипаттаған.

Жеделхатта: "Ол (Ислам Каримов - ред.) өзінің бүкіл өмірін туған халқына қалтқысыз қызмет етуге арнады, әрдайым Қазақстанның сенімді досы болды және біздің халықтарымыздың арасында достық пен тату көршіліктің нығая түсуіне үлкен үлес қосты" деп жазылған.

Назарбаев Каримовтің туыстары мен жақындарына және елдің басшылығы мен Өзбекстан халқына көңіл айтқан.

Өткен сенбі күні инсульт алып ауруханаға түсті деп хабарланған Ислам Каримовтің денсаулық жағдайына қатысты түрлі қауесет шығып, апта бойы басылмай тұрған. 31 тамыз бен 1 қыркүйекте әлеуметтік желілерде Самарқанда жерлеу шараларының әзірленіп жатқаны туралы фото мен видеолар тараған. Өзбекстан билігі жұма кешкісін Ислам Каримовтің 2 қыркүйек күні сағат 20.15-те қайтыс болғанын ресми түрде хабарлады. Каримов 3 қыркүйекте Самарқанда жерленбек.

XS
SM
MD
LG