Accessibility links

АҚШ пен Ресей: Сирияға қатысты келісім жасауға уақыт керек


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Сирияға қатысты келіссөздің бірінде. Женева, 26 тамыз 2016 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Сирияға қатысты келіссөздің бірінде. Женева, 26 тамыз 2016 жыл.

Мәскеу мен Вашингтон Сириядағы соғысты тоқтату туралы келісім жасауға біраз уақыт керегін мәлімдеді. Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков 4 қыркүйекте Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан G20 елдерінің саммитінде "Біз келісімге жақын қалдық... дегенмен дипломатиялық тұрғыдан оны іске асыруға уақыт керек" деп мәлімдеді. Ол "келіссөз сәтсіздікке ұшырайды деп күтуге себеп жоғын" айтты.

4 қыркүйек күні бұдан бұрынырақ АҚШ президенті Барак Обама Ресеймен келіссөз Сириядағы әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы келісім жасаудағы басты жетістік болатынын мәлімдеген. Дегенмен ол Сириядағы дағдарысты реттеу мәселесінде АҚШ пен Ресей ұстанымдарының арасында "кәдімгідей айырмашылық" барын айтқан. Обаманың сөзінше, әзірге қандай да бір келісім туралы айтуға ерте болғанымен, келіссөзде алға жылжуға мүмкіндік бар.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров соңғы апталарда Сириядағы "Ислам мемлекеті" және басқа да экстремистік ұйымдармен күресте тараптардың өзара іс-қимылы туралы бірнеше рет келіссөз өткізген. Керри Лавровпен кездесуден соң шешілмеген әлі бірер күрделі мәселе қалғанын, тараптар оларды талқылауды 5 қыркүйекте жалғастыруы мүмкін екенін айтқан.

Ресей мен АҚШ келіссөзінде Сирияның қоршаудағы аудандарына гуманитарлық жүк жеткізу, Сирия үкіметі әскерінің АҚШ қолдайтын көтерілісшілер бақылауындағы аудандарды бомбалауын тоқтату жолдары қарастырылып жатыр.

XS
SM
MD
LG