Accessibility links

Нью-Йорк биржасында акция бағамы күрт түсті


Нью-Йорк биржасындағы трейдерлер. (Көрнекі сурет.)
Нью-Йорк биржасындағы трейдерлер. (Көрнекі сурет.)

Жұма күні АҚШ федералдық резерв қоры таяу арада несие мөлшерлемесін көтеруі мүмкін екені туралы ақпарат тарағаннан кейін іле-шала Нью-Йорк биржасында акциялар бағамы күрт құлдырады.

АҚШ-тағы ең ірі 30 компанияның капиталдандыру көрсеткіші - Dow Jones индексі мен 500 компания акцияларын құрайтын S&P индексі 2 пайыздан аса төмендеген. Бұл биыл жазда Ұлыбритания азаматтары Еуропа Одағынан шығуды қолдап дауыс берген референдумнен кейін акциялар бағамы құлағаннан бергі екі айдан астам уақыт ішіндегі ең үлкен құлдырау болып отыр.

Инвесторлардың сенімсіздік танытуына Бостон федералдық резервтік банкінің жетекшісі, бұған дейін арзан несие беру стратегиясын қолдайтындардың бірі болған Эрик Розенгреннің «экономиканы қызып кетуден» сақтау мақсатында несие мөлшерлемесін көтеретін уақыт келгені жайлы айтқан пікірі себеп болған.

Оның алдында жұма күні Еуропа орталық банкінің басшысы Марио Драгидің экономиканы қаржылай ынталандыру шарасы бұдан ары қарай да жалғаса беретіні жайлы айтудан бас тартуы қаржы нарығына кері әсер еткен еді.

Американың федералдық резерв жүйесі экономиканы ынталандыру мақсатында бірнеше жыл бойы несие ставкасын өте төмен – нөлге жақын шамада ұстап келеді. Бұл стратегияның нәтижесінде акциялар бағамы рекордтық деңгейге көтерілген. Несие мөлшерлемесін көтеру қаржы нарығына кері әсер етуі ықтимал деген болжамдар айтылып отыр.

Жұма күні доллардың бағамы нығайғаннан кейін АҚШ-та өндірілетін мұнай бағасы 4 пайыздан астамға арзандап, мұнай баррелінің бағасы 46,31 долларды құрады.

XS
SM
MD
LG