Accessibility links

Сотта сөз алған Матаев «6 мың беттік құжат» жайлы да айтты


Әсет Матаев (арғы жақта) пен Сейітқазы Матаев бұған дейінгі сот отырыстарының бірінде тұр.
Әсет Матаев (арғы жақта) пен Сейітқазы Матаев бұған дейінгі сот отырыстарының бірінде тұр.

«Мемлекеттік тапсырысқа бөлінген қаржыны ұрлады» деп айыпталған Сейітқазы Матаевқа бүгінгі сотта сөз берілді.

Қыркүйектің 22-сі күні Астанадағы Есіл аудандық 2-сотта Қазақстан журналистер одағының төрағасы әрі ұлттық баспасөз клубының президенті Сейітқазы Матаевтың ісіне қатысты сот отырысы әрі жалғасты.

«ЖАСЫРАТЫН ЕШТЕҢЕМ ЖОҚ»

Бүгінгі сот отырысында сөз тиген Сейітқазы Матаев кешегі процесте айтылған дерекке – «Матаевтың туыстары ретінде 64 адамның атындағы есепшот тексерілді» деген мәліметке қатысты пікір білдірді. Ол тізімдегі адамдардың екеуі ғана өзіне туыс екенін айтып, «143 миллион теңгені қолды қылды» деген айыппен келіспейтінін білдірді.

– Біз ешкімге қолма қол ақша берген жоқпыз. Біздің филиалдарымыз бар. Барлығына карточка арқылы салып отырдық. Ол ақша күзетшілер мен еден жуушыларға жалақы ретінде берілді, электр қуаты мен жылуға төленді. Мұның бәрі құжаттарда бар, – деді Сейітқазы Матаев.

Матаевтың соттағы сөзі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:34 0:00

Оның сөзінше, өзінің жазықсыз екенін дәлелдейтін осындай 30 том құжатты сот ісіне тіркете алмаған.

– Біз тергеу мен прокуратураға жұмсалған шығын туралы 6 мың беттік құжат ұсындық. Бірақ қабылдамады. Мүмкін, олар «бұл айыптау ісіне кедергі келтіреді» деп ойлаған шығар. Мен барлық сұрақтарға жауап беруге дайынмын. Жасыратын ештеңем жоқ, – деді Сейітқазы Матаев.

Сот отырысында Сейітқазы Матаевтың адвокаты судьяға келесі сотқа 52 куәгерді шақыру туралы ұсыныс айтты.

– Куәгерлер кезінде «Қазақтелекомға» байланысты тапсырыстар орындаған. Олар сотқа келсе, «жұмысты «Қазақтелекомның» өзі ғана істеді» деген айыбын жоққа шығарады, – дейді адвокат Андрей Петров.

Сейітқазы Матаевтың сотынан көрініс. Астана, 22 қыркүйек, 2016 жыл. (Монитордан түсірілген сурет)
Сейітқазы Матаевтың сотынан көрініс. Астана, 22 қыркүйек, 2016 жыл. (Монитордан түсірілген сурет)

Бұған дейін Матаевтың тағы бір адвокаты Мәдина Бакиева да 152 куәгердің сотқа қатысуын сұрап, ол өтінішін орындата алмаған еді. Ол куәгерлердің қатарында ақпарат және байланыс вице-министрі Сәкен Сәрсенов, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев, «Қазатомпром» акционерлік қоғамының басшысы Асқар Жұмағалиев та аталған.

Судья Ақболат Құрмантаев айыптаушы тараптардан осы өтінішке қалай қарайтындарын сұрады. Олар қарсы болды. Ал іске қатысып отырған екі прокурор «бұған дейінгі тергеу амалдары кезінде куәгерлер сұралған, сондықтан тағы да куәгер шақырудың қажеті жоқ» деген пікір білдірді. Судья Матаевтың адвокатының ұсынысы 22 қыркүйекке дейін ашық күйінде қалатынын айтқан.​

АЙЫПТЫҢ ҚИСЫНЫ

Қазақстан журналистер одағының төрағасы әрі ұлттық баспасөз клубының президенті Сейітқазы Матаев биыл ақпанның 22-сінде «мемлекет қаржысын жымқырды» және «салықтан жалтарды» деген күдікпен ұсталған.

Наурыздың 28-інде оның ұлы – ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынған.

КӨРЕ ОТЫРЫҢЫЗ: Ұлттық баспасөз клубы бұзыла бастады

Ұлттық баспасөз клубы бұзыла бастады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:48 0:00

Бұл қамаулардың себебін түсіндірген антикоррупциялық қызмет «ҚазТАГ агенттігі мен ұлттық баспасөз клубының мемлекеттік саясатты ақпарат арқылы таратуға және басылымдарда материал басу үшін ақпараттандыру комитеті мен «Қазақтелеком» компаниясына бөлінген 300 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырғаны анықталды» деп хабарлаған.

«Мемлекеттік саясат жөніндегі ақпараттар қоғамға жабық режимде жарияланған, ол ақпараттарды алу үшін қосымша ақы талап етілген. Ал ақпараттандыру комитеті аударған 80 миллион теңге мен «Қазақтелеком» аударған 260 миллион теңге қолма-қол ақшаға айналдырылып, оларды ұлттық баспасөз клубы басшысы Сейітқазы Матаев иеленген» деп мәлімдеген арнайы орган.

Антикоррупциялық қызмет бұған қоса Сейітқазы Матаевтың «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, 1 миллиард 400 миллион теңге табыс тапқанын»және «одан 327 миллион теңгенің салығын төлеуден жалтарғанын», «келтірілген шығынды өтеу мақсатында Сейітқазы Матаевтың дүние-мүлкі сот санкциясымен ареске алынғанын» да хабарлаған.

Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келтірген зиян» туралы айыптау толық аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады. Мамыр айында Сейітқазы Матаевтың адвокаттары оған тағылған айып «қызмет өкілетін пайдаланып өзіне артылған сенімді теріс мақсатқа пайдаланды» деген ауыр бапқа өзгергенін хабарлаған. Әсет Матаевқа қатысты айып та осыған ұқсас өзгертілген.

Матаевтарға жақтасушылар «оларды қудалаудың шынайы мақсаты – ашық диалог алаңы ұлттық баспасөз клубының қызметін шектеу, ҚазТАГ материалдарының мазмұнына жасырын түрде мемлекеттік бақылау орнату, Қазақстан журналистер одағының қоғамдық белсенділігін төмендету» деп біледі.

Әкелі-балалы Матаевтарға қатысты сот процесі Астанада 23 тамызда басталған.

XS
SM
MD
LG