Accessibility links

Әскерде қаза болған ақтаулық сарбаздың ісі бойынша үкім шықты


Сарыөзектегі 29108-әскери бөлімде қаза тапқан Даниэль Сайфулин.
Сарыөзектегі 29108-әскери бөлімде қаза тапқан Даниэль Сайфулин.

Талдықорған гарнизонының әскери соты биыл шілдеде әскери борышын өтеп жүрген кезде қазаға ұшыраған қатардағы жауынгер Даниэль Сайфулиннің өліміне қатысты үкімін жариялады деп хабарлайды lada.kz сайты.

Сот Алматы облысы Сарыөзек елді мекеніндегі 29108-әскери бөлімде мерзімді әскери қызметін атқарып келген сарбаздар Ахметкәрімов пен Баймұратовты қылмыстық кодекстің 440-бабының 4-тармағы («әскери жарғыны сақтамай, денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiру») бойынша айыпты деп танып, сегіз және он жылға бас бостандықтарынан айырған. Ол екеуі кінәларын ішінара мойындаған.

Бұған қоса сот оларды қаза тапқан жауынгердің отбасына моральдық өтемақы ретінде бір миллион теңге төлеуге міндеттеген. Сотқа талап-арызында бұдан он есе көп мөлшерде моральдық өтемақы төленуін талап еткен жәбірленуші тарап – қаза тапқан сарбаздың анасы Инга Сайфулина сот кескен өтемақы көлеміне және әскери бөлімге қарсы берген талабының қанағаттандырылмағанына наразы екенін айтып, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеген.

Алматы облысындағы 29108-әскери бөлімде әскери борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер Даниэль Сайфулин 2016 жылы шілденің 7-і күні әскери лазаретте қайтыс болған. Талдықорған әскери прокуратурасы оның «әскери қызметкерлер арасындағы жарғыдан тыс қарым-қатынас әсерінен» көз жұмғанын хабарлаған. Қылмысқа қатысты айыпталған Ахметкәрімов пен Баймұратовтың үстінен қозғалған іс бойынша әскери сот 25 тамызда басталған.

XS
SM
MD
LG