Accessibility links

Алеппода ондаған тұрғын қаза тауып, екі миллионға жуығы сусыз қалды


Алепподағы кезекті әуе шабуылынан кейін. Сирия, 23 қыркүйек 2016 жыл.
Алепподағы кезекті әуе шабуылынан кейін. Сирия, 23 қыркүйек 2016 жыл.

Сирияда Алеппо қаласының шығыс бөлігіне сенбіге қараған түні жасалған әуе шабуылы салдарынан 25 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Бұл туралы құқыққорғаушыларға дәрігерлер мен құтқарушылар хабарлаған. Шабуылдан қираған ғимараттар астынан құрбан болғандардың сүйегін шығару жалғасып жатқандықтан, қаза тапқандар саны көбеюі мүмкін.

Үлкендігі бойынша Сириядағы екінші қала саналатын Алеппода екі миллионға жуық тұрғын сусыз қалған. Су тартатын станциялардың бірін ресейлік ұшақтардың қолдауына сүйенген үкімет әуе күштері талқандаса, екіншісін көтерілісшілердің өздері жарып жіберген.

Сенбі күні Алеппоның шығыс бөлігін бақылауда ұстап отырған көтерілісшілер позицияларына үкімет әскери авиациясының бастырмалатқан шабуылдарынан соң президент Башар Асадтың армиясы қаладан бірнеше километр қашықтықтағы көтерілісшілер лагерін басып алғаны белгілі болды.

Қыркүйектің 22-і күні үкімет әскері қаланың оппозиция бақылауындағы аудандарына шабуыл бастағаны туралы мәлімдеген. АҚШ пен Ресейдің арағайындығымен жасалған бітім туралы келісім Алеппоға гуманитарлық жүк апара жатқан автокеруенге жасалған шабуылдан кейін бұзылған. Америкалық әскерилер шабуылға ресейлік әуе күштерін айыптаған. Мәскеу оқиғаға қатысы жоғын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG