Accessibility links

Прокурор Сейітқазы Матаевты 6 жыл 8 айға соттауды сұрады


Сейітқазы Матаев (сол жақтан екінші) пен Әсет Матаев (сол жақта) адвокаттарымен бірге сотта тұр.
Сейітқазы Матаев (сол жақтан екінші) пен Әсет Матаев (сол жақта) адвокаттарымен бірге сотта тұр.

Астанада өтіп жатқан Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаев сотының жарыссөзінде прокурор Ержан Құрақбаев сотталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, прокурор Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевты қаржы жымқырды және салықтан жалтарды деп айыпты деп танып, 6 жыл 8 айға, Әсет Матаевты қаржы жымқыру бабы бойынша айыпты деп, 6 жылға соттауды сұрады. Прокурор оларға тағылған айыптардың "ауыр" екенін айтып, дүние-мүліктерін тәркілеу және жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтеу туралы үкім кесуді сұрады.

Прокурордың айтуынша, Сейітқазы Матаев тергеу мәліметтері бойынша инвестициялар және даму министрлігі ақпараттандыру және байланыс комитетінен мемлекеттік тапсырысты ұтып алуда "бұрын президенттің баспасөз хатшысы болған" беделін пайдаланған.

Прокурор сонымен қатар Сейітқазы Матаевтың кәсіпкерлікпен айналысуына 3 жылға дейін тыйым салуды, ақпараттандыру және байланыс комитеті мен "Қазақтелеком" компаниясына олардың шағымы бойынша 169 миллион теңге өндіріп беруді және "төленбеген салық" ретінде 216 миллион теңге өндіруді сұрады.

Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев 24 ақпанда үйқамаққа алынған. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынды.

Әкелі-балалы Матаевтарға қатысты сот процесі Астанада 23 тамызда басталған.

XS
SM
MD
LG