Қырғызстан парламентінің депутаттары "Қырғыз Республикасының конституциясына өзгерістер енгізу туралы" заңы бойынша референдум белгілеу туралы" заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады. Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, заң жобасын 94 депутат қолдап, 11-і қарсы дауыс берген.
Заң жобасында референдум белгілеу, дауыс беру бюллетеніне қосылатын сұрақтардың мәтіні қарастырылған. Конституциялық реформаның басты мақсаты - үкіметтің құзыретін күшейтіп, сот реформасын жеделдету болып саналады. Конституцияға өзгерістер енгізу бастамасына парламенттегі алты партияның бесеуі - Социал-демократиялық партия, "Республика - Ата-Жұрт", "Қырғызстан", "Онугуу - Прогресс" және "Бир бол" партияларының фракциялары қол қойған.
Заң жобасында референдум өтетін мерзім 2016 жылдың 4 желтоқсаны деп көрсетілген. Парламент отырысында референдумды өткізуге алдын ала жоба бойынша 317 миллион сом қажеті айтылды.
Кейбір депутаттар заң жобасы асығыс даярланған дейді. Депутаттардың біразы Конституцияға өзгерістер енгізуге қарсы шықты.
Конституцияны өзгертуге оппозициялық күштер қарсы. 13 қыркүйекте құрылған "Референдумға - жол жоқ!" қозғалысының өкілдері конституциялық реформаға қарсы және парламентті таратуды қолдап дауыс жинап жатыр.