Accessibility links

АҚШ Сириядағы әрекеті үшін Ресейге қарсы санкция енгізуі мүмкін


Алеппо қаласындағы шабуылдан қираған үйлердің жанынан өтіп бара жатқан бала. 29 қыркүйек 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)
Алеппо қаласындағы шабуылдан қираған үйлердің жанынан өтіп бара жатқан бала. 29 қыркүйек 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Сириядағы жанжалдың ушығуына Ресейдің қатысы бар деп санайтын АҚШ оған қарсы жаңа санкциялар енгізу туралы мәселені қарастырып жатыр. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаменті өкілі Марк Тонер мәлімдеген.

Бұған дейін мемлекеттік департамент АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Вашингтон бұрынғысынша Сирияға қатысты Мәскеумен байланысын үзуге әзір екенін мәлімдеген.

Өз кезегінде Сергей Лавров Сириядағы бітімді Алеппоның шығысында бекінген исламшыл содырлар бірнеше рет бұзды деп мәлімдеп, Вашингтонды Сириядағы ұстамды оппозиция күштері мен экстремистік топтарды ажырата алмай отыр деп сынаған.

Сонымен бірге Лавров Алепподағы жағдайды қалыпқа келтірудің қосымша мүмкіндіктерін қарастыруға Ресейдің әзір екенін білдірді делінген Ресей сыртқы істер министрлігі сайтында жарияланған ақпаратта.

Оның алдында жұма күні Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Сириядағы ресейлік әскери операцияның алғашқы жылының басты қорытындысы – Дамаскіні террористерден құтқару болды деп мәлімдеген.

Сириядағы әскери жағдай президент Башар Асад армиясының ресейлік әуе күштерінің қолдауымен көтерілісшілер бақылауындағы Алеппоның шығыс бөлігіне жасаған кең көлемді шабуылынан соң ушығып кеткен.

Батыс елдері мен сириялық құқыққорғаушылар Ресейді қаладағы тұрғын кварталдарға, ауруханаларға, гуманитарлық жүк тасушы автокеруендерге әуеден соққы берді деп айыптайды.

XS
SM
MD
LG