Accessibility links

АҚШ азаматшасы Сауд Арабиясынан өтемақы талап етіп сотқа жүгінді


Террорлық шабуылдан қираған Нью-Йорктегі дүниежүзілік сауда орталығы қос ғимаратының орнындағы мемориал. (Көрнекі сурет.)
Террорлық шабуылдан қираған Нью-Йорктегі дүниежүзілік сауда орталығы қос ғимаратының орнындағы мемориал. (Көрнекі сурет.)

АҚШ-та 2001 жылғы қыркүйектің 11-і күні Пентагонға қарсы жасалған террорлық шабуыл кезінде қаза тапқан әскери қызметкердің жесірі Сауд Арабиясына қарсы сотқа талап арыз түсірді.

АҚШ әскери-теңіз күштерінің офицері Патрик Данның жесірі күйеуінің өлімі үшін Сауд Арабиясынан ақшалай өтемақы талап етіп отыр. Әйелдің сотқа шағымдануына бұған дейін америкалық азаматтарға Сауд Арабиясынан өтемақы талап етіп сотттасуға рұқсат беретін даулы заң жобасына АҚШ президенті Барак Обаманың қойған ветосын Конгресс көпшілік дауыспен еңсергеннен кейін мүмкіндік ашылды деп хабарлайды Bloomberg агенттігі. Конгрестің қос палатасының өкілдері - республикашылдар мен демократтар қарсы дауыспен президент ветосын еңсерген еді.

11 қыркүйек шабуылына қатысқан 19 адамның 15-сі – Сауд Арабиясы азаматтары болған. Төрт топқа бөлінген терроршылар басып алған екі ұшақпен Нью-Йорктегі дүниежүзілік сауда орталығының қос ғимаратына соғылып, құлатқан. Және бір ұшақ Вашингтондағы Пентагон ғимаратын нысана еткен. Ал төртінші ұшақ Пенсильвания штатында құлаған. Бұл шабуылдардан үш мыңға жуық адам қаза тауып, алты мыңнан астам адам зардап шеккен.

Сауд Арабиясы билігінің терроршылармен байланысы жайлы күдікті үзілді-кесілді жоққа шығарған ресми Эр-Рияд бұған дейін егер АҚШ даулы заң жобасын қабылдайтын болса, оған қарсы шаралармен жауап қататыны туралы ескерткен.

XS
SM
MD
LG