Павлодарда кафе клиенттерін соққыға жығу оқиғасын тергеу аясында жеке күзет агенттігінің екі қызметкері қамалды деп хабарлады Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Баян Мағзұмова.
"Элекор Күзет" күзет агенттігінің екі қызметкерін қамау туралы шешімді Павлодардың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты шығарған. Соққыға жығу оқиғасы бойынша "жеке күзет мекемесі қызметкерінің қызмет бабын асыра пайдалануы" бабы бойынша тергеу басталған.
Осы аптаның басында интернетте арнайы форма киген жігіттердің кафе клиенттерін ұрып-соғып, тілдегені, клиенттердің бірін автоматтың дүмімен қойып қалғаны түсірілген видео таралған еді. Оқиға Павлодардағы "Босфор" кафесінде 3 қазан күні кешке болған.
Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Астанада журналистердің бұл оқиғаға қатысты сұрағына жауап бергенінде "екі тарапқа да айып тағылатынын" мәлімдеген.