Accessibility links

АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамп кезекті жанжалға ілікті


Дональд Трамп (сол жақта), актриса Ариан Закер және Билли Буш, 2005 жыл. (Видеодан скриншот.)
Дональд Трамп (сол жақта), актриса Ариан Закер және Билли Буш, 2005 жыл. (Видеодан скриншот.)

The Washington Post басылымы жұма күні жариялаған видеотаспада әйелдер туралы айтқан дөрекі сөздері АҚШ президенттігіне республикалық партиядан кандидат Дональд Трампты тағы да үлкен жанжалға қалдырды.

Осыдан 11 жыл бұрын, 2005 жылы түсірілген видеотаспада Access Hollywood бағдарламасының жүргізушісі Билли Бушпен екеуара болған әңгімеде Трамп күйеуі бар әйелді ырқына көндіре алмай әуре болғаны туралы айтады. Әлгі әйелді сипаттаған кезде ол анайы сөздерді қолданған. Бұдан соң әңгіме тақырыбы Трамппен бірге телебағдарламаға қатысатын актрисаға ауып, Трамп көпшілікке танымал жұлдыз ретінде кез-келген әйелді сүйіп, құшақтап, қолын жүгірте алатынын айтып мақтанады.

«Бұл ер адамдардың арасындағы оңаша әңгіме болатын. Өзін қорландым деп сезінген адамдардан кешірім сұраймын», - деп ақталуға тырысты Дональд Трамп.

Бұл видеотаспа президенттікке кандидаттар арасында өткізілетін екінші теледебатқа екі күн қалғанда жарияланды. Алғашқы теледебаттан соң өткізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесі бойынша демократиялық партия кандидаты Хиллари Клинтон Дональд Трамптан озып, екеуінің арасындағы алшақтық екі пайыздан төрт жарым пайызға дейін ұлғайған. Соңғы апталарда Трамп саяси бәсекелесінің күйеуі Билл Клинтонның жұбайының көзіне шөп салғаны және ол АҚШ президенті болып тұрған кезде ерінің опасыздығы Хиллари Клинтонға қалай әсер еткені жайлы жиі айта бастаған. Трампты сынайтындар оның әйелдерге деген пікір-көзқарасын сайлау науқаны барысында үнемі оған қарсы қолданып келеді. Сауалнамаға қатысқан АҚШ әйелдерінің 70 пайызы республикалық партия кандидатын жақтырмайтындарын білдірген. Мұндай көрсеткіш президенттік сайлау нәтижесіне елеулі әсер ете алады дейді сарапшылар.

XS
SM
MD
LG