БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бүгін Сирияның Алеппо қаласының үстімен әскери ұшақтардың ұшуына толық тыйым салу туралы қарар жобасын қарайды. Франция мен Испания әзірлеген құжатта Ресей мен АҚШ-ты тұрғындарының бір бөлігіне гуманитарлық апат қаупі төнген Алеппо қаласында бітімді дереу қалпына келтіруге шақырған үндеу айтылған.
Ресей мұндай мазмұндағы қарарды қабыл алмайтынын ескерткен.
Бұған дейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри жұма күні Вашингтонда Франция сыртқы істер министрі Жан-Марк Эромен бірге өткізген баспасөз мәслихатында Сириядағы бейбіт тұрғындар мен медициналық мекемелерге әуе шабуылдары әскери қылмыс ретінде тексеруге жатады деп мәлімдеген.
– Ресей мен [сириялық] режим ауруханалар мен медициналық мекемелерді, балалар мен әйелдерді бомбалауды неліктен жалғастырып жатқанын әлемге түсіндірумен ғана шектелмеуі тиіс. Бұл іс-әрекеттер әскери қылмысқа жата ма деген тұрғыда мұқият тексеруді қажет етеді, - деген Керри.
Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова АҚШ мемлекеттік хатшысының мәлімдемесін «пропаганда» деп атаған.