Accessibility links

Ақтауда бірнеше адам Назарбаевтың қабылдауына жазылуға талаптанды


Маңғыстауға сапармен келеді деп күтіліп отырған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жеке мәселелері бойынша жолыққысы келетін тұрғындар облыс әкімдігіне талаптарын айтуға келді. Ақтау, 8 қазан 2016 жыл.
Маңғыстауға сапармен келеді деп күтіліп отырған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жеке мәселелері бойынша жолыққысы келетін тұрғындар облыс әкімдігіне талаптарын айтуға келді. Ақтау, 8 қазан 2016 жыл.

Бүгін Маңғыстау облысы әкімдігіне барған төрт тұрғын аймаққа сапармен келеді деп күтіліп отырған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өз жеке мәселелері бойынша жолығуды сапар бағдарламасына енгізу туралы талап қойды. «Әділдікке» қол жеткізе алмағанын айтқан тұрғындар облыс әкімі Алик Айдарбаевпен кездесуді талап етті

Жетібайдан келген Иса Құлтумаев 2014 жылы қаза болған кәмелетке толмаған баласының өлімін «суицид» деп бағалаған жергілікті құқық органдарының қортындысымен келіспейтінін айтады. Мариза Құрақова былтыр Ақтау қаласы әкімдігінде оққа ұшқан күзет полициясында қызмет атқарған қызының қазасы дұрыс тексерілмеген деп санайды. Рано Әлібекова әуежай қызметкері болған қызының өлімнің себебі ашылмай отыр деп шағым айтады. Ал бұрынғы полиция қызметкері Ерлан Селбаев жұмыстан шығарылуын заңсыз деп біледі.

Өздерімен жолығуға әкімдікке келген Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті өкілдеріне сенімсіздік білдіріп, сөйлесуден бас тартқан тұрғындарды Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Звира Есбергенова қабылдады. Шенеунік облыс әкімінің оларды келесі аптада қабылдауға уәде бергенін айтқан соң төрт азамат үйлеріне тарады.

XS
SM
MD
LG