Accessibility links

Музыканттың «Нобель» алуына жұрттың шаттануы мен таңдануы


АҚШ музыканты Боб Дилан.
АҚШ музыканты Боб Дилан.

2016 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы АҚШ музыканты Боб Диланға берілді. Диланға бұл сыйлық «АҚШ-тың әншілік дәстүріне жаңа поэтикалық мазмұн» әкелгені үшін берілді.

Боб Дилан Нобельдің әдебиет сыйлығын өзіне дейін алған Эрнест Хемингуэй, Альбер Камю, Октавио Паса сияқты тұлғалардың тізімін жалғастырды.

Музыкант балалық шағын өткізген АҚШ-тың Миннесота штаты тұрғындарының Диланға деген ықыласы бұрыннан ерекше. Дулут қаласында Дилан көшесі бар, тротуарлардағы қоқыс тастайтын жәшіктердің қақпақтарында Диланның портреті тұр.

Боб Диланның Хиббинг қаласының жергілікті кітапханасында орналасқан музейіндегі әншінің жас кезінің қағаздан жасалған макеті. АҚШ, Миннесота штаты, 13 қазан 2016 жыл.
Боб Диланның Хиббинг қаласының жергілікті кітапханасында орналасқан музейіндегі әншінің жас кезінің қағаздан жасалған макеті. АҚШ, Миннесота штаты, 13 қазан 2016 жыл.

Боб Диланның балалық шағы өткен Дулут және Хиббинг шағын қалаларында оның музейлері бар. Бұл музейлерге әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келеді.

Диланға 928 мың АҚШ доллары көлеміндегі сыйлық берген Швед академиясы «Музыкант шын мәніндегі жұлдызға айналды. Оның қазіргі музыкаға жасаған ықпалы орасан» деп мәлімдеді.

Боб Дилан Нобельдің әдебиет сыйлығын алған алғашқы әнші болып отыр. Кейбір БАҚ журналистері қазылардың бұл шешімін «таңғаларлық» деп бағалады.

ӘНШІНІҢ ӨМІРБАЯНЫ МЕН ЫҚПАЛЫ

АҚШ музыканты Боб Дилан (шын аты - Роберт Аллен Циммерман) 1941 жылғы мамырдың 24-інде Миннесота штатындағы Дулут қалашығында дүниеге келген. Оның атасы мен әжесі АҚШ-қа Одессадан 1905 жылы еврейлер көшімен бірге барған. Ал нағашы атасы мен әжесі - АҚШ-қа Литвадан қоныс аударған еврейлер. Автобиографиясында Боб Дилан нағашыларының түбі Түркиядағы Армениямен шектесетін аймақтан шыққанын, апасының қыз күніндегі фамилиясы Киргиз болғанын жазған.

Боб Диланның балалық шағы өткен үй. АҚШ, Миннесота штаты Хиббинг қаласы, 13 қазан 2016 жыл.
Боб Диланның балалық шағы өткен үй. АҚШ, Миннесота штаты Хиббинг қаласы, 13 қазан 2016 жыл.

Боб Дилан бала кезінен блюз, фольклорлық музыка тыңдауға әуестеніп, 10 жасында алғашқы әнін жазған. Шығармашылық жолында түрлі лақап аттарды пайдаланған әнші әлемге Боб Дилан есімімен танылды.

Соңғы жарты ғасырда Дилан мыңға жуық ән шығарған. Олардың көпшілігі 20-ғасырда саундтрек болып тарады. Дилан әндерінің табиғаты әртүрлі. 1960-жылдары ол ұранға айналған қарсылық әндерін жазды. Фолк-рок жанрында ән шырқап, Америка дәстүрлі музыкасы мен блюзге сөз жазып, әнге қосты.

АҚШ-тың Хиббинг қаласындағы Боб Дилан оқыған орта мектеп. АҚШ, Миннесота штаты, 13 қазан 2016 жыл.
АҚШ-тың Хиббинг қаласындағы Боб Дилан оқыған орта мектеп. АҚШ, Миннесота штаты, 13 қазан 2016 жыл.

Диланның Blowin' In The Wind, The Times They Are A-Changin, Subterranean Homesick Blues, Like a Rolling Stone сияқты әндері басқаша ойлайтын тәуелсіз адамдарды шабыттандарды. The Times They Are A-Changin әніндегі «Ұлдарыңыз бен қыздарыңыз сіздерді қолдамайды» деген сөздері Вьетнамдағы соғысқа қарсылық пен азаматтық құқықтар үшін күрестің әнұранына айналып кеткен еді.

ВИДЕО: Youtube желісінен алынған Боб Диланның әні

Боб Диланның көптеген әні шет тілдеріне аударылған. 2011 жылы әншінің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Украинаның «Океан Эльзы» рок-тобының музыканты Святослав Вакарчук Азаттыққа «Диланның жетістігі - музыканттарға әнге қалай сөз жазуды және әлемге әнді қалай тыңдауды үйретті. Боб Дилан музыканттарға ойлануды, ойыңдағыны жеткізуді, ән арқылы әлеуметтік эксперимент жасауға болатынын көрсетті» деді.

АҚШ-тың Хиббинг қаласындағы Боб Дилан атындағы көшенің тақтайшасы. АҚШ, Миннесота штаты, 13 қазан 2016 жыл.
АҚШ-тың Хиббинг қаласындағы Боб Дилан атындағы көшенің тақтайшасы. АҚШ, Миннесота штаты, 13 қазан 2016 жыл.

Қырғыз музыканты Бақыт Кыдыкбаев бұл пікірді қолдап, «Боб Дилан рок-музыканың мінезін өзгертті. Батыстың өзінде 1960-жылдары адамдар рок-музыканы жеңіл жанрдай қабылдап жатқан сәтте Боб Дилан әндегі сөз мағынасын күшейте бастады» деді.

Армян әнішісі, гитарашы Рубен Ахвердян өзінің 1960-жылдары жазған танымал әнін (My White Dove) Боб Диланның Blowin' In The Wind (Жел өтінде - ред.) шығармасының әсерімен жазғанын айтады.

«Бұл – бостандық туралы ән. Өте керемет әсер етті. Жел лебінен азаттықты сезгендеймін. Шабыттанып ән жаздым» дейді Ахвердян.

Боб Диланның Лондонда концерт беріп тұрған сәті. 1996 жыл.
Боб Диланның Лондонда концерт беріп тұрған сәті. 1996 жыл.

Боб Дилан әндері көптеген елдерде қарсылықтың символы ретінде қабылданады. 2010 жылы Ресей премьер-министр Владимир Путинмен адам құқығына қатысты сөзге келген рок әнші Юрий Шевчукке қолдау көрсеткен Ирландияның U2 тобы Мәскеу сахнасында Диланның Knockin' on Heaven's Door (Аспан есігін қағу - ред.) әнін орындаған.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ РЕАКЦИЯ

Боб Диланға Нобель сыйлығының берілуін Қазақстан азаматтары мен әдеби ортасы әртүрлі қабылдады. Ақын Тоқтарәлі Таңжарық Facebook парақшасында «Ал, сонымен, Мураками (Жапон жазушысы - ред.) мен Адониске (Сирия ақыны - ред.) қош айттық. Адонис алса екен деп едік, болмады. Сирияның қазіргі жағдайымен санасып, соған берсе де болар ма еді» деп жазды.

Ал ақын Ерлан Жүніс Боб Диланнан аударған бір өлеңін Facebook парақшасына жариялады.

Ақын Ерлан Жүніс.
Ақын Ерлан Жүніс.

Жүрер екем қанша жол тағдыр кешіп əрқилы,
Бір тоқтамға келгенше,
Қанатымның астында қанша теңіз толқиды ,
Қара жерді көргенше,
Қанша жарылыстардың оты бізді шарпиды,
Соңғы сарбаз өлгенше?!

Жарығым-ау, бір сөзді қайдан ғана табамын –
Жел əкеткен жауабын.

Қанша ғасыр тұрады мына таулар – тірі аңыз,
Толқын шайса – құла түз,
Қанша ғасыр жылаймыз?
Еркіндікті сұраңыз!
Сұрар болсаң, солардың аяғына құлаңыз!
О, адамдар қашанғы көзімізді жұмамыз –
Көрінбестей кінəміз?!

Əлі қанша шұңқырға мойын созып қараймыз,
Ал аспанды көрер кім?
Есту үшін – бір басқа қанша құлақ жамаймыз,
Зарлы дауысын əлемнің?
Жер бетінен біз əлі қанша өлікті санаймыз,
Келгенінше келер күн?!

Елтай Дәуленов атты Facebook қолданушы Боб Диланды «дәуірге», «рок-н-ролл рухына» теңеп, сыйлыққа сай екенін, бірақ оған «бұл премияның қажеті жоқ» екенін жазды.

Боб Дилан туралы кітаптар. Стокгольм, 13 қазан 2016 жыл. и
Боб Дилан туралы кітаптар. Стокгольм, 13 қазан 2016 жыл. и

75 жастағы Дилан әлі де жылына жүздеген концерт беріп, жаңа альбомдар шығарып жүр. Нобель сыйлығы оның алғашқы марапаты емес. Оның альбомдары Грэмми (АҚШ-тағы музыка саласындағы сыйлық – ред.) марапаттарының бірнешеуін алған, есімі Огайо штатындағы Кливленд қаласындағы «Рок-н-ролл даңқы» залына жазылған.

Боб Дилан Нобель лауреаттары дәстүрлі түрде дәріс оқитын Стокгольм кездесуін қалай өткізетіні туралы сұраққа «концерт түрінде өтетін шығар» деп жауап берді.

Динамитті ойлап тапқан Альфред Нобельдің құрметіне аталған сыйлық 1901 жылдан бері өнертапқыштың қалауы бойынша бейбітшілік, ғылым, әдебиет саласында беріліп келеді.

XS
SM
MD
LG