Accessibility links

Ақтөбедегі шабуылға қатысты алдын ала сот тыңдауы 18 қазанға белгіленді


Илиада Досова, Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы. 14 қазан 2016 жыл.
Илиада Досова, Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы. 14 қазан 2016 жыл.

Ақтөбеде 5 маусымда болған қарулы шабуылға күдіктілердің ісі бойынша соттың алдын ала тыңдауы 18 қазан күні сағат 9-ға белгіленді. Бұл туралы бүгін облыстық соттың баспасөз хатшысы Илиада Досова хабарлады.

Бұған дейін облыстық сот шабуылға қатысты айыпталған 29 адамның ісі сотқа берілгенін, азаматтардың құқығын 27 адвокат қорғайтынын хабарлаған. Қылмыстық іс 201 томнан тұрады.

"29 күдіктінің тоғызы түрлі қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны, оның ішінде терроризм актісін жасауға тікелей қатысқандары, 18-і дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламағаны, екеуі қылмысты жасырып қалғандары үшін айыпталып отыр" деген сот.

Сотқа 88 адам жәбірленуші ретінде тартылып, 48 адам куәлік етпек.

Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

XS
SM
MD
LG