Сауд Арабиясы жетекшілік ететін араб елдері коалициясы қазанның 8-і күні Йеменде жаназаға қатысушыларға жаңылысып әуе шабуылын жасаған. Reuters агенттігінің ақпаратында әскери коалицияның қате ақпаратқа сүйеніп, шииттік қарулы көтерілісшілер - хуситтердің позициясы деген оймен бейбіт адамдар жиналған жерге соққы бергендерін айтқаны келтірілген.
Йемен астанасы Сана қаласында қайтыс болған адамды жерлеу рәсімі кезінде жасалған әуе шабуылынан 200-ден астам адам қаза тауып, 500-ден аса адам жараланған. Бұл оқиғадан кейін АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Нед Прайс Вашингтон Сауд Арабиясы жетекшілігіндегі коалицияға қолдау таныту шарттарын қайта қарауы мүмкін деп мәлімдеген.
Йеменде 2014 жылы қыркүйекте басталған қарулы жанжалда халықаралық қауымдастық мойындаған үкімет күштеріне Сауд Арабиясы бастаған араб мемлекеттері коалициясы жәрдемдесіп отыр. Ал үкіметке қарсы шайқасып жатқан шиит көтерілісшілері – хуситтерге Иран бейресми тұрғыда қолдау көрсетеді.