Accessibility links

Макс Боқаевтың адвокаты судьяға қарсылық білдірді


Атырау қалалық №2 сотының судьясы Гүлнәр Дәулешова Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотын жүргізіп отыр. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.
Атырау қалалық №2 сотының судьясы Гүлнәр Дәулешова Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотын жүргізіп отыр. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.

Атырауда бүгін белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі бойынша сот жалғасты. Сот ашық деп жарияланғанымен, сот залына журналистерді 15 минутқа қана кіргізіп, одан соң басқа бөлмеге шығарып жіберді. Сот приставтары Азаттық тілшісінің сот залынан тікелей эфир жүргізуіне рұқсат етпеді.

Процесс басында сот Макс Боқаевтың адвокаты Нұрбике Ескендірова Атырау қалалық №2-сотының судьясы Гүлнәр Дәулешоваға қарсылық білдірді. Нұрбике Ескендірова адвокаттар соттың әрекетінен "тараптардың тең құқылық принципі бұзылып, тараптардың теңдігі мен қорғану құқығы сақталмағанын байқағанын" айтты. "Судьяның іс-әрекетінен сот айыптау жағына қарай ойысып, іс біржақты қарала бастады және бұл менің қорғауымдағы адамдарға зиянын тигізуге ықпал етеді" деді адвокат.

Оның сөзіне қарағанда, бұл істің қалай аяқталатынына "судья тікелей немесе жанама мүдделі". "Халықаралық азаматтық және саяси құқық жөніндегі пактінің 14-бабына сәйкес, әрбір адамның кез-келген қылмыстық айып тағылған жағдайда әділ сотқа тартылу құқығы бар және қылмыстық ісі көпшілік алдында тәуелсіз, алаламайтын сот арқылы қаралуы керек" деді адвокат Ескендірова.

Ескендірованың қарсылығын басқа адвокаттар мен сотталушылардың қорғаушылары да қолдады. Прокурор соттан адвокаттың өтінішін қанағаттандырмауды сұрады. Сот адвокаттың шағымына қатысты шешім қабылдау үшін үзіліс жариялады.

Өткен аптада сот Талғат Аянның адвокаты Төлепқали Аянның судья Гүлнәр Дәулешоваға қарсылығын қанағаттандырмаған.

Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісіне қатысты сот 12 қазанда басталған. Боқаев пен Аян 24 сәуір күні Атырау қаласында жер реформасына қарсылық ретінде өткен жаппай митингтен соң қамауға алынған. Макс Боқаев пен Талғат Аянға бірқатар қылмыстық баптар (соның ішінде "араздық тудыру", "заңсыз митинг ұйымдастыру") бойынша айыптары тағылған. Азаматтық белсенділер бұл айыптардың ешқайсысын мойындаған жоқ. Қамаудағы Макс Боқаевтың туыстары оның денсаулығына алаңдайды.

Макс Боқаев Талғат Аян бұған дейінгі сотта абақтыдағы жағдайдың "санитарлық талаптарға сай емесін" мәлімдеген. Боқаев түрмеде өзіне денсаулығына байланысты "тиісті медициналық көмек көрсетілмегенін" айтқан.

XS
SM
MD
LG