Accessibility links

Қарағанды облысында бір үй апатты жағдайда деп танылды


Қарағанды облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).
Қарағанды облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Қарағанды облысы Шет ауданының Ақжал ауылындағы көп қабатты үй апатты жағдайда тұр деп танылды. Қарағанды облыстық әкімдігінің ақпаратына қарағанда, қазір апатты жағдайда деп танылған 5-үйді қайта жөндеу және берік ету жұмысына қаржы бөлу мәселесі шешіліп жатыр. Смета бойынша, жөндеуге 100 миллион теңгеге жуық қаржы керек.

"Ауыл басшылығы тұрғындарға ол үйде тұрудың қауіпті екенін күн сайын түсіндіріп жатыр. 69 пәтердің тұрғындарының (288 адам) көбі туыстарына көшіп кетті. Біразы (15 отбасы) бұрынғы дәрігерлік амбулаторияның ғимаратына уақытша орналастырылды. Қауіп туралы ескертуге қарамастан 15 тұрғын апатты үйден кетуден бас тартып отыр. Билік апатты үйге жылу және су беруді тоқтатқан жоқ" деді Азаттыққа Қарағанды облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, пәтерінен көшуден бас тартты делінген бірнеше тұрғыннан "қолхат алынған". Бұл ақпаратты тұрғындардың өздерінен растау мүмкін болмады.

Әкімдік 1980 жылы салынған 5-үй қыркүйекте апатты жағдайда деп танылғанын айтады. Сарапшылар "үйдің негізгі салмақ түсетін құрылымдарын мықтылап, жертөлесін тазалап, кептіріп, шатырын күрделі жөндеуден өткізу керек" деп тапқан. Үйдің техникалық жағдайы жертөленің тұрмыстық және құрылыстан шыққан қоқысқа толып, бітелуінен және ылғалды ауа-райынан нашарлаған.

XS
SM
MD
LG