Астана соты жергілікті тұрғынды терроризм актісі туралы жалған ақпарат берді деген айыппен бір жарым жылға соттады деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.
Аты-жөні айтылмаған сотталушы іс материалдары бойынша биыл 30 маусымда полицияға Астанадағы Sine Tempore (Орталық әмбебап дүкен) сауда орталығында теракт болатыны туралы хабарлаған.
"Оқиға орнына барған құқық қорғау органдарының қызметкерлері теракт жоспарланып жатқаны туралы фактіні растай алмады" делінген соттың хабарламасында.
Астананың Алматы аудандық №2 сотының үкімі бойынша, сотталушы жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуі тиіс. Үкімнің қашан шыққаны белгісіз. Үкім күшіне енген.