Accessibility links

Аян мен Боқаевтың адвокаттары судьяға үшінші рет қарсылық білдірді


Макс Боқаев пен Талғат Аянның соты өтіп жатқан Атырау қалалық №2 соты. 21 қазан 2016 жыл.
Макс Боқаев пен Талғат Аянның соты өтіп жатқан Атырау қалалық №2 соты. 21 қазан 2016 жыл.

Атырауда бүгін белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында адвокаттар судья Гүлнәр Дәулешоваға үшінші рет қарсылық білдірді. Бүгін сотта ауылшаруашылығы министрлігі мен ішкі істер министрлігінің қызметкерлерінен жауап алынады деп жоспарланған.

Бірақ сот тыңдауы бүгін де сотталушылар мен адвокаттардың куәлерден жауап алуға қатысты қарсылығы мен сотқа қатысудан бас тартуына қатысты даумен басталды. Боқаев пен Аян кешегі сотта сот процесіне жарыссөз кезеңіне дейін қатыспайтыны туралы талап-арыз түсірген. Олар бүгін сотқа әкелінген жоқ.

Адвокат Нұрбике Ескендірова ауылшаруашылығы министрлігі жер ресурстары комитетінің шенеунігі Бижанов пен ішкі істер министрлігі миграциялық полиция комитетіне қарасты иммиграция басқармасы бастығының орынбасары Сабыржан Сейітжановтан бүгін жауап алмау туралы талап-арыз түсірді. Адвокаттар олардың тергеу барысында берген жауаптары Боқаев пен Аянға "жаппай митинг өткізуге шақырды" деп айыптауға себеп болғанын айтып, куәлердің "бұл іске қатысы жоғын" мәлімдеді. Адвокаттар талап-арызында Бижанов пен Сейітжановтың тергеуде берген куәлігін сот материалдарына қоспауды сұрады. Бірақ прокурор Құрмет Сыздықов Бижанов пен Сейітжановтың жауабынсыз іс толық болмайтынын айтып, адвокаттардың өтінішін қабылдамауды сұрады. Судья Гүлнәр Дәулешова "адвокаттар сөзінде нақты дәлел жоғын" айтып, өтінішті қанағаттандырмады.

Ескендірова сонымен қатар бұған дейін қашықтан сұралған куәлер Досанбаев пен Бекбауовты сотқа келтіріп жауап алуды тағы да сұрады. Қорғаушы Жанар Боқаева куәлердің сотқа келе алмауына "өлім немесе денсаулық жағдайының ауырлығы ғана себеп болатынын" айтты.

Прокурор Сыздықов "қашықтан жауап алу заңға қайшы емесін" айтып, күн сайын бір өтінішті талқылай берудің қажеті емесін білдірді.

Бұдан соң Жанар Боқаева сотталушылар мен адвокаттар іс материалдарымен толық таныспағанын, процесс басталғалы бері сот айыптау сарынында өтіп жатқанын, куәлер тізімі жауапкер тараптың келісімінсіз түзілгенін айтып, судья Дәулешоваға үшінші рет қарсылық білдірді. Өзге адвокаттар қарсылықты қолдады.

Сот бұдан соң қарсылыққа қатысты шешім шығару үшін үзіліс жариялады.

Адвокаттар бұған дейін Дәулешоваға екі рет қарсылық білдіріп, екеуі де қанағаттандырылмаған.

XS
SM
MD
LG