Accessibility links

Ақтөбеде "Украинада соғысқан" тұрғынның соты басталды


Шығыс Украинадағы ресейшіл қарулы адамдар. Донецк, 7 қазан 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Шығыс Украинадағы ресейшіл қарулы адамдар. Донецк, 7 қазан 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Ақтөбе соты өзін-өзі "Донецк халық республикасы" (ДХР) деп жариялап алған құрылымның қатарында "Украина әскеріне қарсы соғысты" деп айыпталған Максим Ермоловқа қатысты қылмыстық істі қайта қарай бастады.

Осыған дейін ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүрген күдікті алғашқы екі процесске келмей, оған тамыздың 29-ы күні іздеу жарияланған. Жуырда ұсталған күдікті Максим Ермолов қазір уақытша тергеу изоляторында отыр. Ақтөбе қалалық 2-соты Максим Ермоловтың ісін 24 қазанда қайта қарай бастады.

Күдікті өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Ол түрмеге түсуден қорыққандықтан осыған дейін сот отырыстарына келмей қойғанын айтады.

Ақтөбе облыстық сотының хабарлауынша, жергілікті тұрғын Максим Ермолов 2014 жылғы қыркүйек пен 2015 жылғы ақпан айы аралығында Украинаның Донецк облысына барып, әскери қақтығыстарға қатысқан, қолына қару алып, ДХР жетекшілерінің түрлі тапсырмаларын орындаған, Донбасстағы «Оптима» қонақ үйіне бекінген әскери бөлімді күзеткен.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Максим Ермоловты 2015 жылы ақпан айында жеке шаруаларымен Қазақстанға оралғанда ұстап, оған қылмыстық кодекстің 172-бабы бойынша айып таққан.

XS
SM
MD
LG