Қазақстан Дүниежүзілік банктің бизнес жасауға қолайлылықты анықтайтын Doing Business 2017 рейтингінде алты орын көтеріліп, 35-орынға шықты. Былтыр жарияланған рейтингте Қазақстан 41-орында болған еді.
Дүниежүзілік банктің "Doing Business 2017: Equal Opportunity for all" деп аталатын есебінде Қазақстан Бруней, Кения, Беларусь, Индонезия, Сербия, Грузия, Пәкістан, Біріккен Араб Әмірліктері және Бахрейнмен бірге 2015-2016 жылдары бизнеске қолайлы жағдай туғызуда үлкен жетістіктерге жеткен он ел қатарына кіргені айтылады.
Бизнеске ең қолайлы елдер тізімін биыл Жаңа Зеландия бастаған. Екінші орындағы Сингапур бұған дейін он жыл бойы тізімнің басында болған еді. Алғашқы ондыққа сонымен қатар Дания, Гонконг, Оңтүстік Корея, Норвегия, Ұлыбритания, АҚШ, Швеция және Македония кірген.
Рейтингте постсоветтік елдерден Беларусь 37, Армения 38, Ресей 40, Қырғызстан 75, Өзбекстан 87, Тәжікстан 187-орында тұр. Рейтингте барлығы 190 мемлекеттің көрсеткіші сараланған.
Doing Business есебінде мемлекеттердің азаматтардың бизнесті ашып, жүргізуіне қолайлы жағдайлар жасауы мен кедергі келтіруі, сыртқы сауда жүргізу қызметі, салық төлемдері, инвесторлар мүддесін қорғау деңгейіне қатысты 190 көрсеткіші талданған.