Accessibility links

Боқаев сотта процессуалдық келісім жасамайтынын айтты


Макс Боқаев (сол жақта) пен Талғат Аян сотта отыр. Атырау, 18 қазан 2016 жыл.

Атырауда бүгін белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі бойынша сот тыңдауы жалғасты. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бүгін сотта Макс Боқаев қоғамдық белсенділер ұсынған процессуалдық келісімге қарсы екенін айқын мәлімдеді.

Сот басталғанда адвокаттар куәлерге қатысты, сот материалдарының аудармасында сәйкеспейтін тұстары барын айтып тағы шағым жасады. Судья Гүлнәр Дәулешова аудармада сәйкессіздік барын мойындап, бұл мәселені қарауды кейінге қалдыруды сұрады. Адвокаттар мұндай шағымдарды бұған дейін де жасап, судья оларды қабылдамай қойған.

Судья Дәулешова сонымен қатар сотқа Алматыдан келген оппозицияшыл саясаткерлер Гүлжан Ерғалиева мен Рысбек Сәрсенбай кеше процессуалдық келісім туралы сөйлесу үшін сотталушылармен кездесуді сұрағанын айтты. Судья Ерғалиева мен Сәрсенбай кешкі сағат 6-ға дейін кездесуді сұрап отырғанын, кешке ұшып кететінін айтып, сотталушылардың пікірін тыңдауға шақырды.

Макс Боқаев сотта процессуалдық келісім жасамайтынын бұған дейін білдіргенін, сол ұстанымынан қайтпайтынын мәлімдеді.

Бұдан соң куә, Атырау қалалық ішкі істер департаментінің СОБР бөлімінің қызметкері Есенжан Есенғалиевтан жауап алына бастады.

Бүгінгі сотқа Боқаев пен Аянды қолдайтын белсенді Шаттық Тәжкенова үстіне екі белсендінің суреті басылған, оның астына "Бостандық! Свобода! Freedom!" деп жазылған күртеше киіп келді. 25 қазанда Атыраудың әкімшілік соты сот алдында Боқаев пен Аянды қолдап жеке жеке жалғыз адамдық пикет өткізген Шаттық Тәжкенова мен павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенованың әрқайсысына 42 мың теңгеден айыппұл салған.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

XS
SM
MD
LG